04.05.2008, 17:30 3291

Таразда Қазақстан -Қытай магистральдық газ құбыры жобасының тұсаукесері өткізілді

Таразда Қазақстан -Қытай магистральдық газ құбыры жобасының тұсаукесері өткізілді

Тараз. 4 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Таразда Қазақстан -Қытай магистральдық газ құбыры жобасының тұсаукесері өткізілді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Тұсаукесерге Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин, Тараз әкімі Ілияс Тортаев, "ҚазТрансГаз"АҚ және TransAsiaGazPipeLine өкілдері, облыстық әкімшілік қызметтері мен департаменттерінің өкілдері қатысты.

"Ұсынылған жоба облыс экономикасын дамытуда расында да серпінді жоба болмақ. Қазақстанда аса ауқымды табиғи газ қоры бола тұра, еліміздің оңтүстік өңірлері оны аса ірі импорттаушы болып табылады: тұтынылатын көгілдір отынның басым бөлігі Өзбекстаннан тасымалданады. Амангелді кенішін игеру бұл жағдайды аздап жұмсартуға жәрдем болғанымен, тауқыметті толық шешкен жоқ", - деді Б. Жексембин.

Жаңа жоба Қазақстан Республикасының газ саласын дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бірнеше мың шақырымдық Қазақстан -Қытай магистральдық газ құбыры еліміздің алты облысының аумағы арқылы өтеді : Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан , Жамбыл және Алматы облыстары. Жамбыл облысында газ құбыры Шу, Мерке, Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Қордай аудандарының жерлері арқылы өтеді. Сөйтіп, Қазақстан газын Оңтүстік Қазақстан , Жамбыл және Алматы облыстары алатын болады. Жаңа газ құбырымен жылына 40 млрд текше метр газ тасымалданып, оның 30 млрд Қытайға, қалған он миллиарды - Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне арналады.

Құрылыс жұмыстары кезеңмен жүргізіліп, газ құбырының өткізу қабілеті біртіндеп ұлғайтылады: алдымен газ құбырының Өзбекстан шекарасынан Шымкентке дейінгі және одан әрі Алматы мен Қорғас бағытындағы екі тармағы салынады. Газ құбыры 2010 жылы пайдалануға берілуге тиіс.

Газ құбырының трассасы жер бедерін ескере отырып тартылған, ол тарихи есткерткіштер орналасқан жерлерді айналып өтеді. Құбыр өтетін жерлердің қожайындарына толық өтемақы беріледі деген уәде бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны