28.04.2017, 20:37 5906

Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде "Оралман" фильмі Азияныӊ үздік фильмі атанды

Иранныӊ астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтыӊ "Оралман" фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлде - "Азияныӊ үздік фильмі" жүлдесін жеӊіп алды.

Алматы. 28 сәуір. Kazakhstan Today - Иранныӊ астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтыӊ "Оралман" фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлде - "Азияныӊ үздік фильмі" жүлдесін жеӊіп алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігініӊ тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдіӊ "Шығыс Панорамасы" секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бақ сынады.

Естеріӊізге сала кетсек, "Оралман" фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соӊ Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

- Фильмніӊ түсіру тобын осы алғашқы жеӊіспен құттықтаймын, - деді картинаныӊ режиссері Сәбит Құрманбеков.

Фаджр халықаралық фестивалініӊ негізі 1982 жылы Иранныӊ мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы еӊ ауқымды әрі танымал және әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаӊ есептеледі.

Айта кететін жайт, Фаджр кинофестивалініӊ негізгі байқауында әр жылдары "Қазақфильм" киностудиясыныӊ фильмдері қатысқан болатын, мысалы: Серік Апрымовтыӊ "Соӊғы аялдама", Ардақ Имірқұловтыӊ "Қош бол, Гүлсары" (Арнайы жүлде, 2010 ж.), Дәрежан Өмірбаевтыӊ "Студент", Ақан Сатаевтыӊ "Жаужүрек Мыӊ Бала" (жүлде, 2013 ж.), Эмир Байғазинніӊ "Асланныӊ сабақтары" (Арнайы жүлде, 2014 ж.), Ермек Тұрсыновтыӊ "Шал" (техникалық және көркемдік жағынан үздік көріністері үшін арнайы жүлде, 2014 ж.) фильмдері қатысқан болатын. Өткен жылы "Фаджр" кинофестивалінде Ерлан Нұрмұхамбетовтыӊ "Жаӊғақ тал" фильмі "Үздік режиссер" жүлдесін алды.

Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдыӊ 30-шы жылдары қызыл әскердіӊ жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттыӊ бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдыӊ отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, "Қадам" ЖШС (кинокомпания) қатысуымен

Жанры: әлеуметтік драма

Режиссері: Сәбит Құрманбеков

Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтіӊ қатысуымен

Қоюшы операторы: Марс Умаров

Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев

Композиторы: Айдос Сағат

Анықтама: Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ - Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеӊде тұрған өнімдермен (оныӊ ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясыныӊ тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияныӊ өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған "Мосфильм және "Ленфильм" киностудияларымен бірлесіп, Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеӊінде отандық көркем фильмдердіӊ 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы "Қазақфильм" атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияныӊ көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтыӊ есімі берілді.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны