27.04.2010, 16:06 5417

ТМД тарихының біртұтас оқулығын әр елдің тарихшылары құрастыруы және ол тарихтағы даулы мәселелерге қатысты түрлі көзқарастарды ашып көрсетуі қажет - РФ Білім және ғылым министрі

ТМД тарихының біртұтас оқулығын әр елдің тарихшылары құрастыруы және ол тарихтағы даулы мәселелерге қатысты түрлі көзқарастарды ашып көрсетуі қажет - РФ Білім және ғылым министрі

Астана. 27 сәуір. Kazakhstan Today - ТМД тарихының біртұтас оқулығын әр елдің тарихшылары құрастыруы қажет және ол тарихтағы даулы мәселелерге қатысты түрлі көзқарастарды паш етуі қажет. Бұл туралы бүгін Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фурсенко ТМД елдері мұғалімдерінің, білім қызметкерлерінің І съезі барысында журналистерге берген сұхбатында пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"ТМД тарихына қатысты біртұтас оқулық деген бір ғана оқулық деген ұғымды білдірмейді, бұл - әр елдің ғалымдары мен тарихшылары бас қосып, біздің біртұтас тарихымызды ортақ ұстаным тұрғысынан қарастыратын оқу құралын немесе оқулықты құрастыру жайын ойластырады деген сөз", - деді А. Фурсенко.

"Бірақ бұл онда бір ғана көзқарас болуы керек дегенді меңземейді. Меніңше, егер мұндай оқулықта немесе оқу құралында ең алдымен түрлі көзқарастар таныстырылса пайдалы болар еді деген пікірім бар", - деді ол.

Министрдің пайымдауынша, мұндай оқу құралында келтірілген көзқарастар "бір-бірін құрметтеуге негізделіп, ортақ тарихымыздағы сан қырларды толық қамтуы қажет". "КСРО даму тарихындағы сол бір күрделі тұстар жан-жақты суреттелуі, баршамызды біріктірген және ТМД пайда болғаннан кейінгі біздің елдеріміздің тарихы жан-жақты баяндалуы керек. Меніңше, мұғалімдерге арналған мұндай оқу құралының, мүмкін кейін оқушыларға арналған оқулықтың құрастырылуына алып келетін осындай жұмыс пайдалы болар еді", - деді ол.

Бұған қоса А. Фурсенконың атап көрсетуінше, "түрлі елдерде жазылып құрастырылған электрондық оқулықтарға ТМД аясы толық қол жеткізе алуы керек".

"Келесі кездесулердің бірін біз оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыруға арнайтын боламыз, қазірдің өзінде география мен экологияға қатысты ортақ оқулықтарды құрастыру тәжірибеміз бар", - деді өз кезегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.

"Ал жаратылыстану ғылымдық пәндерге келсек, Ресейде, Беларусь пен Украинада білікті ғалымдар мен авторлар бар, соларды шақыру арқылы осындай оқулықтар шығарылатын болады", - деді ол.

Жансейіт Түймебаев бұған қоса ТМД елдері мұғалімдерінің, білім қызметкерлерінің келесі съезі не Арменияда немесе Беларусь елінде өтетін болады деп хабарлады. "Біз мұғалімдердің осындай съездерін тұрақты өткізіп тұруды ұйғардық", - деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ТМД елдері мұғалімдерінің, білім қызметкерлерінің І съезінінің екінші күнгі жұмысы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фурсенконың "Қазіргі заманғы мектептік білім ТМД кеңістігіндегі біріктіретін фактор ретінде" және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбековтың "Қазақстан Республикасындағы жоғары педагогикалық білімді жаңғырту" тақырыбындағы баяндамаларымен ашылды.

Съезде келесідей сессиялардың жұмысы жоспарланып отыр: Білім сапасы - білім беру жүйесін қамтамасыз етуші фактор ретінде; Мектептің білім процесін нормативтік, оқу-әдістемелік сүйемелдеу; Мектеп оқулықтары мен баспа өнімдерін әзірлеу және жетілдіру мәселелері; Кадр әлеуетін дамыту және мұғалім біліктілігін арттырудың жаңа түріне көшу; Кәсіптік оқыту жағдайында мектеп және жоғары білім сабақтастығын жүзеге асыру жолдары.

Съезд бағдарламасында "Білімді дамыту: педагогикалық ғылым саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық" тақырыбындағы пікіралмасу жоспарланып отыр, сонымен қатар келесідей тақырыптардағы мастер-кластар ұйымдастырылмақ: "Оқыту процесіндегі интеллектуалды тұлғаны қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық тәжірибе мен теорияның өзара қарым-қатынасы"; "Қазіргі заманғы оқыту технологиялары мен электрондық білім ресурстарының жаңа буыны";

- "Көптілділіктен - халықаралық ынтымақтастыққа".

Съезд бағдарламасы шеңберінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Армения Республикасының Білім министрлігі арасында, Қазақ республикалық Біліктілікті арттыру институты мен Ресей Федерациясы Біліктілікті арттыру және қайта даярлау Академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылады.

Сонымен қатар "Кітап - халықтардың әлеуметтік-мәдени жақындасуының төте жолы" тақырыбындағы балалар әдебиеттері мен оқулықтарының, жалпы білім саласындағы жетістіктердің көрмесі ұйымдастырылады.

Балалар әдебиеттері мен оқулықтарының көрмесіне еліміз баспагерлерімен қатар Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения елдерінің бірқатар жетекші баспалары қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны