09.10.2015, 20:40 11409

Түркістанда балабақшада химикат ішіп қойған бүлдіршін хәл үстінде жатыр

Балаға абай болмаған! Түркістандағы мектеп жанынан ашылған балабақшада 2 жасар бөбек химикат ішіп, өӊеші мен асқазанын күйдіріп алды. Ал тәрбиешілер бірден ауруханаға апарудыӊ орнына марганец ішкізіп, жағдайын тіпті мүшкіл еткен. Кішкентай Нұрислам екі айдан бері ауруханада ем алып жатыр

Түркістан. 09 Қазан. Kazakhstan Today - Балаға абай болмаған! Түркістандағы мектеп жанынан ашылған балабақшада 2 жасар бөбек химикат ішіп, өӊеші мен асқазанын күйдіріп алды. Ал тәрбиешілер бірден ауруханаға апарудыӊ орнына марганец ішкізіп, жағдайын тіпті мүшкіл еткен. Кішкентай Нұрислам екі айдан бері ауруханада ем алып жатыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрисламныӊ күндегі көргені осы. Анасы Ақжібек мейірбикелермен бірге бүлдіршінін шырылдатып отырып, сыртындағы жарасыныӊ дәкесін ауыстырып, жалғанған түтігін залалсыздандырады. Күнара Шымкенттегі балалар ауруханасына барып, күйген өӊешін кеӊейтеді. Ийтпесе, асқазанына тамақ өтпейді, деп хабарлайды ktk-tv.kz тілшісі.

Қайрат Ізбасов, ОҚО балалар ауруханасыныӊ бөлім меӊгерушісі:

-Өӊешке қаншалықты тереӊдікке күйгенін біз болжап айта алмаймыз. Бірақ ерітінді болғаннан кейін, қатты күйдіреді. Сондықтан, бұныӊ емделу ұзақтығын қанша уақыт емделетінін кесіп айту қиын.

Ал мынау Нұрисламныӊ күйген сәттегі фотолары. Ауызы от жалағандай. Оқыс оқиға 18-ші тамызда Түркістандағы Бигелдинов атындағы мектептіӊ шағын орталығында болды. Жөндеу жұмыстары кезінде тәрбиешілер бір-біріне сеніп, балаларды қараусыз қалдырған. Сол кезде су іздеген Нұрислам құтыдағы химиялық ертіндіні ішіп қойыпты. Баланыӊ құсып жатқанын көрген күтушісі мен тәрбиешісі сол күні жұмыстан ерте кетіп қалған мейірбикеніӊ кеӊесімен марганец сұйықтығын ішкізген. Бөбектіӊ анасы содан бері мектеп ұжымымен қырқысып жүр.

- Саған бізден басқа кім көмек беріп жатыр айтшы? Кім көмек беріп жатыр?

- Көмегіӊіз қане маған?

- 250 мыӊ теӊгені көмек деп отырсыз ба?

Баланы бақылай алмадық деп кінәні мойнына алған қызметкерлер содан бері тынымсыз ақша жинап жатырмыз деп ақталды. Ал тәрбиеші жұмыстан қуылыпты. Идіскер күтуші қызметіне дейін төмендетілсе, мейірбике ескертумен құтылған.

Ақжібек Саттарова, Нұрисламныӊ анасы:

-Осы іске қатысы бар адамдар жазаланса, мақұл бұл жазым деп қоя салмай. Заӊ не үшін? Меніӊ баламныӊ болашағы не болады? Тіпті дәрігерлердіӊ өзі айта алмайды қанша уақытта жазылатынын екі жылда ма, бір жылды ма?

Зар илеген ана істі тергеп жатқан тәртіп сақшыларына да шүбә келтіріп отыр. Ал полицейлер істіӊ созылуын әйелдіӊ сәбиімен үнемі ауруханада жатқанымен түсіндіреді.

Қазір Түркістандық полицейлер болған оқиғаға байланысты салақтық бабы бойынша іс қозғады. Бірақ тергеудіӊ тым созылып кеткенінен секем алып отырған Нұрисламныӊ жақындары енді прокуратураға шағым түсірмек. Жалғыз ұлы жарымжан бола жаздағанына қапалы анасы білім ошағында тыйым салынған сілтіні әкелуге рұқсат берген мектеп басшыларына да қатысты арыз жазбақшы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны