24.04.2007, 16:50 3295

Үкімет оң тізгінді көліктерді пайдалануға 2010 жылдан бастап тыйым салу ұстанымынан ауытқымайды - премьер-министр

АСТАНА. 24 - сәуір. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының Үкіметі оң тізгінді көліктерді пайдалануға 2010 жылдан бастап тыйым салу ұстанымынан ауытқымайды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Егер қол қойылған құжаттарды, үкімет қаулыларын, және де қазір талқыланып жатқан заңды мұқият қарасаңыздар, онда "оң тізгінді көліктердің" қазіргі иелері оны пайдалану құқығынан айырылатындығы айтылмаған. Бірінші кезекте, қаулыда оң тізгінді көліктерді әкелуге ғана тыйым салынатындығы айтылған",- деді К. Мәсімов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып. "Мен мұны дұрыс деп санаймын",- деп атап өтті премьер.

"Мемлекет кезінде оң тізгінді көліктерді әкелуге рұқсат бергендіктен, қазір мұндай көліктері бар азаматтар аталмыш көлікті белгіленген мерзімі аяқталғанша пайдалануға құқылы",- деді ол. "Ал техникалық пайдалану мерзімі өткенде, олар көліктерінің тізгінін сол жаққа ауыстыруға немесе одан бас тартуға тиіс",- деп нақтылап өтті премьер.

"Бұл жерде өте нақты ұстаным бар, және де екіжақты пікір болмауға тиіс. Мен бұл оңай проблема еместігін түсінемін, ол көптеген азаматтарға қатысты, бірақ үкіметтің, мемлекеттің бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымы бар. Және де бұл ұстанымнан ауытқымаймыз",- деп қосты К. Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны