28.09.2020, 19:59 9739

Украниналық іздеушілер осы күнге дейін із-түссіз кеткен болып есептелген қазақстандық солдат Тікшекеев Қайыржанның сүйегін тапты

Жауынгерді 2020 жылдың наурыз айында Украинада "Вертикаль" мамандандырылған іздеу бірлестігі тапты.

Алматы. 28 қыркүйек. Kazakhstan Today - "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза болған, осы күнге дейін із-түссіз кеткен болып есептелген қазақстандық солдат Тікшекеев Қайыржанның сүйегін Қазақстанға әкеледі. Жауынгерді 2020 жылдың наурыз айында Украинада "Вертикаль" мамандандырылған іздеу бірлестігі тапты.

Қазақстандық солдат Тікшекеев Қайыржанның сүйегі алдағы 10 күнде елге жеткізіледі.

Тікшекеев Қайыржан 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Майданға 1940 жылы шақырылды. Қазіргі таңда жауынгердің сүйегі Украинадағы (Киев) Қазақстан Республикасының әскери атташесіне берілді. Қазақстанға жеткізілген соң немересі Тікшекеев Маратқа ресми түрде табысталады. Солдатты жерлеу рәсімі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында өтеді. Шараны ұйымдастыруға Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі көмектеседі.

Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова келесі ақпаратты айтты: "Осыған дейін төрт қазақстандық солдаттың сүйегін елге әкелдік. Тікшекеев Қайыржан бесіншісі. Біздің іздеушілер және Украинадағы іздеушілер бірлестігі үлкен жұмыс атқарды. Олар қазақстандық солдаттың сүйегін тапты. Ал біздің іздеушілер жауынгердің туыстарын тапты. Осылайша бұл оқиғаның басы мен аяғы біріктірілді. Біз үшін Тікшекеев Мараттың қуанышына себепкер болу үлкен мәртебе. Әкесі, анасы, әжесі іздеген. Араға 80 жыл салып қазақстандық жауынгерді таптық. Осы ұзақ жолды бізбен бірге өткен барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамыз".

Тікшекеев Қайыржанды іздеу жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізілді. Осы жылы қазақстандық солдаттың сүйегі табылып, оны Қазақстанға әкелу мүмкіндігі туды. Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында жауынгердің немересі Тікшекеев Марат атасын іздеу оқиғасымен бөлісті.

"Атамды іздеу жұмыстары 80 жылға созылды. Тікшекеев Қайыржанды оның анасы Жәмиля өмір бойы іздеді. Тікшекеев Қайыржан жалғыз ұлы болатын. Соңғы хатын 1941 жылдың шілде айында алды. Одан кейін баласымен байланысы үзіліп кетті. Хабар-ошарсыз кетті деген қағаз алдық. Атамызды әжем іздеді, әкем іздеді. 2004 жылы әкем дүниеден өтті. Атамыз майданнан жазған 12 хатын маған аманат етіп қалдырып кетті. Ары қарай іздеуді мен жалғастыратынымды айтты. 2009 жылы ас бердік. Осы жылы Украинада атаңыз табылды деген хабарды естіген соң, қатты қуандық".

"2020 жылдың 10 наурызында Киев облысы Макаровский ауданы, Боровка ауылында жүргізілген іздеу жұмыстары барысында төрт сарбаздың сүйегі табылды. Соның біреуі Тікшекеев Қайыржан болды. Солдатпен бірге жеке тану белгісі табылды. Соның арқасында экспертиза барысында солдат туралы барлық ақпаратты білдік. Біз жауынгерді тапқан жер бауырластар зираты емес, ол егістік алқабы, қазіргі таңда ол жерде жүгері егілген. Тікшекеев Қайыржанның сүйегі шұңқырдың ішінде табылды. 1941 жылы Киевті 28 атқыштар дивизиясы қорғаған. Дәл осы жерде қазақстандық солдат өзінің соңғы шайқасын өткізіп, жау оғының астында қалған" - дейді "Вертикаль" мамандандырылған іздеу бірлестігінің жетекшісі Владимир Жарко.

__________________________________________________________

"Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың мамыр айында құрылған. Екінші дүниежүзілік соғыста із-түссіз кеткен қазақстанжық солдаттарды жүйелі түрде іздеумен айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым. "Atamnyn Amanaty" алдына қойған мақсаттары: қазақстандық солдаттар жерленген жерлерді іздеу жұмыстарын ұйымдастыру; керекті құжаттарға аттарын жазып, аттарын мәңгі есте қалдыру; қоғамдағы азаматтық және патриоттық сананың деңгейін көтеру.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны