12.09.2018, 23:44 4973

Жалаӊтөс баһадүр туралы кейінгі ұрпақтыӊ біліп өскені ләзім

Жалаӊтөс баһадүр Сейітқұлұлы 1576 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағында дүниеге келген.Жалаӊтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерініӊ де қамқоршысы бола білді.

Қызылорда. 12 қыркүйек. Kazakhstan Today - Жалаӊтөс баһадүр Сейітқұлұлы 1576 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағында дүниеге келген. Тегі - Кіші жүз-Алшын-Қаракесек-Илім-Төртқара (Қарамашақ) аталығынан.

Жалаӊтөс баһадүрдіӊ тегінен сыр шертсек, арғы атасы Ораз қажы (1299-1385) атақты Имір Темірдіӊ (Ақсақ Темір) бас уәзірі, әрі ақылшы-сәуегейі болған.

Ораз қажы ақыл-ойымен, білім-білігтілімен, өнегелі іс-қимылымен, әділдігімен, адалдығы арқасында қалын жұртты тәнті етіп, би атанған. Ораз қажы мұсылмандық жолын берік ұстанып, Меккеге үш рет барып қайтып, қажы атанған қасиетті кісі екен.

1931 жылы Ленинградта басылған "Темірланныӊ ғұмырбаяны" атты кітапта Ақсақ Темір ол кісіні "ұлағатты ұстаз" деп құрмет тұтқаны айтылады. Енді сол Ақсақ Темірдіӊ өзіне қадірменді бола білген данадан Тоқпан батыр дүниеге келеді. Оныӊ жас шамасы Темірмен қарайлас, әкесініӊ ақылымен, өмір бойы жортуылшы әмірмен үзеӊгілес серік болған деседі.

Осы Тоқпан батырдан Сейітқұл батыр дүниеге келген. Сейітқұл батырдан данқты қолбасшы, батыр, би, әмір, аталық, һәм Орталық Азия өӊіріндегі атақты сәулет өнеріне дем беруші Жалантөс баһадүр 1576 жылы дүниеге келді.

1581 жылдыӊ жазында Сырдарияныӊ төмен жағында көшіп-қонып жүрген сексенге жасы жеткен Шығай хан ел-жұртқа төнген ауыр нәубет жұтқа ұшырап қатты күйзеледі де жаӊа өріс іздеп, күнгей беттегі Нұрата, Қызбибі таулары төӊірегіне барып, қоныс тебеді.

Енді бір деректерде ол жасы ұлғайғасын биліктен бас тартып, дін жолын қалап, әулиелі Бұқара-шәріп аясына барып, өз иелігіне берілген Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Ал Шығай ханныӊ жақын серіктерініӊ бірі сырбойылық төртқара Сейітқұл батыр Тоқпанұлы еді.

Шығай ханмен бірге 40 мыӊ үйлі алшындарын ілестіріп, Сейітқұл да көшеді. Сейітқұл батырдыӊ соӊына ерген алшындарды Нұрата, Қызбибі, Самарқан, Бұқара, Жызақ, Ақтау, Қызылқұм және Тамды төӊіректеріне қоӊыстандырады.

Сейітқұл батыр әрі би, әрі хан, әрі әулие болған. Сейітқұл батырдыӊ қол астындағы парсы, түрік, өзбек, тәжік, қарақалпақ, қырғыз жұрттары оны "Синесоф буа" (парсыша көӊіл-көкірегі ояу, пәк-жан) деп қатты құрметтеген.

ХVІІ ғасырда Орта Азия аймағындағы саяси ахуал шиеленісе түседі. Исіресе, Қазақ хандары мен Бұхара хандары арасында бірде соғыс, бірде одақтасу да болып тұрды. Бұл қақтығыстар Ташкент қаласы үшін болған. Шығай хан және оныӊ баласы Тәукел ханныӊ соғыс жорықтарына Жалаӊтөстіӊ әкесі Сейітқұл би өз жасақтарымен белсенді түрде қатысқан. Осы кезде Қызылқұм (Тамды, Кенимех) аумағындағы қазақтардыӊ ханы Дінмұхаммед сұлтан Хакназарұлы болған.

Сейітқұл батыр өзіне қарасты алшындармен Нұрата өӊіріндегі өзбек, қарақалпақтардыӊ басын біріктіріп, хан болады. 5000 тұрақты жасақ құрып, жеке ел билейді. Нұрата тауы Тамды өнірімен шектеседі. Сейітқұл батыр Жалаӊтөсті Дінмұхаммед сұлтанныӊ қызметіне береді. Дінмұхаммед сұлтан Бұхара ханыныӊ ықпалында болған. Жалаӊтөс Нұратадағы мешітте оқиды. Алғыр да зерек Жалаӊтөс жастайынан батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шындап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды.

Мұны сол дәуірде хандар сарайында қызметші болған, өте білікті, дарынды ғалым, әрі ақын Махмуд ибн Валидіӊ "Бахр ул-асрор" ("Сырлар теӊізі") атты кітабынан білеміз.

Кезінде жеті том болған бұл еӊбектіӊ екі томы (бірінші және алтыншы) ғана табылып, олар Өзбекстан Ғылым академиясыныӊ Бируни атындағы Шығыстану институты кітапханасында сақтаулы тұр.

Міне, осы кітаптыӊ 6-томында аштархандықтар дәуірінде даӊққа, атаққа ие болған тұлғалар туралы мәліметтер берілген. Солардыӊ бірі Жалаӊтөс турасында мынадай жолдарды оқимыз:

"Жалаӊтөс би аталық, батыл ноян, істіӊ көзіӊ білген әмір, алшын қабиласыныӊ ұлысынан шыққан асыл есімді хатой баһадүр. Дінмұхаммед хан заманында ол Сығанақтыӊ Азақ атты жерінен келіп, оныӊ қызметіне кіріседі. Қажыр-қарекетініӊ арқасында оныӊ жақын адамдарыныӊ бірі болып алды. Надыр Мұхаммед хан дәуірінде мәртебесі биіктеп, оныӊ аталығы етіп тағайындалды. Дараи сув, Мулган, Коһмарт уәлаяттары, Толқыншы, Сайқаншы, Зереӊгі, Қилағи, Хазарайы Некудари қабилаларыныӊ елдері, Ғазына, Қандағар, Заминдар, Ғұр, Қорасандағы елдердіӊ жерлері оған меншік ретінде сыйға берілген еді. Қандағар, Сеистан және басқа уәлаяттардыӊ әкімдері оныӊ алдында дір-дір қағып тұрар еді. Көрген-білгендер оныӊ байлығы мемлекет қазынасына (хазанойи омира) теӊ екендігін, дәрежесі патшалардан қалыспайтынын айтқан".[Өткелбаев.Н. Жалаӊтөс баһадүр жаӊа деректер. //Егеменді Қазақстан.-2005.-2 қыркүйек.5 б].

Тарихи деректерде Мұхаммед Шайбанилер Шыӊғыс ханныӊ үлкен ұлы Жошы хан нәсілінен Мауераннахрда ХVІ ғасырда билік жүргізген. Соӊғы Шайбани Абдумумин 1599 жылы дүниеден озады. Енді хандық Шайбанилермен біртектес Жошы хан әулеті аштархандықтарға өтеді. Осы аштархандықтардыӊ шахзадаларына Жалаӊтөс батыр тәлімгерлік қызметін атқарады. ( Өзбекстан халықтары тарихы, 2 т, 33 б).

1590 жылы Сейітқұл батыр Жалаӊтөсті Бұқар ханы Абдулланыӊ жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқұға жібереді. Бұл мектепте Шыӊғыс ханныӊ қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтіӊ баласы Имамқұл Жалаӊтөстіӊ ерекше қабілетіӊ байқап, оны өзімен бірге хан ордасында өтетін әр түрлі кеӊестерге, шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырады. Шынғысхан ұрпағы Имамқұл мен Жалаӊтөстіӊ достығы осы кезеӊнен басталады. Бұқараныӊ әскери мектебінде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтады. 1593 жылы Жалаӊтөс баһадур Булаӊғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі әлімұлы тайпасыныӊ бір бөліміне би болып сайланады. 1611 жылы Жалаӊтөс баһадүр бастаған топ Уәлимұхаммед ханды тақтан түсіріп, орнына Имамқұлды отырғызады. Осы кезеӊде Бұқар хандығыныӊ нығаюына Жалаӊтөс баһадүр көп еӊбек сіӊіреді. Имамқұл хан 1626 жылы Бұқар хандығынан Самарқан аймағын құрып, оған Жалаӊтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты Жалаӊтөс баһадүрдіӊ өзіне қалдырады. [4,245 б].

Кейбір зерттеулерде, Имамқұл ханныӊ Жалаӊтөс батырды Самарқан қаласы мен уәлаятыныӊ әмірі етіп қою себебі, біріншіден, қазақ хандығымен достық қарым-қатынаста болу, екіншіден, саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғануда қалыӊ әскері бар Жалаӊтөс батырды пайдалану- деп көрсетеді. [ Көмеков. Б. Өтениязов.С. Жалаӊтөс батыр. "Саясат".1997.№1. 100б.].

Имамқұл ханныӊ інісі Надыр Мұхаммед хан (1642-1645 ж.ж.) дәуірінде Жалаӊтөс баһадүрдіӊ мәртебесі тағы да жоғарылап, аталық болады. (Б.Ахмедов, Тарихтан сабақтар, "Укитувчи", 228-б, 1994 ж).

Жалаӊтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерініӊ де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлықбек медресесініӊ қарсысынан 1620-1636 жылдары "Ширдор" (Арыстан қақпа) медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресеніӊ ортасынан "Тіллә Қари" (Алтынмен апталған) медресесініӊ құрылысын бастайды.

Жалаӊтөс баһадүрдіӊ әскери қолбасшылық соғыс-жорықтары туралы деректер бізге толық жетпеген. Көпшілікке арналған әдебиеттерде, тарихи басылымдарда жеӊіс-жорықтары туралы деректер бар.

Тарихи мәліметтер бойынша ойраттар ХV ғасырдан бастап батыс Алтай, батыс Қытай жерлерін иеленіп, соӊынан Жетісу бағытына қарай шабуыл бастады. Жоӊғар мемлекетініӊ қалын қолы 1643 жылдыӊ қысында кезектен шабуылға шығады. Жоӊғарлар 50 мыӊ қолмен, қонтайшы Батурдыӊ бастауымен қырғыздарды, қазақтарды қыруға, жерін, елін, мал-мүлкін жаулауға, талауға кірісті. Мұны естіген Жәӊгір іле-шала асығыс 600-ақ жасақ топтады. Жорық кезінде таулы аймақтыӊ сайлы-аӊғарлы жерлерін тиімді пайдаланып, жаудыӊ қолына тойтарыс берді. Осы шайқасқа Бұхара ханы Надыр Мұхаммед хан Жалаӊтөс баһадүр басқарған 20 мыӊ сарбаз жіберген. Жоӊғарлар көптеген адам шығынына ұшырап, 10 мыӊнан астам әскері қаза болып, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бұл соғыста қазақтыӊ Салқам Жәӊгір атанған ханы мен ер жүрек батырлары айлакерлігімен, ақыл-парасатымен соғысуыныӊ арқасында жеӊіске жетті.

Бұл оқиға жайында тарихшы И.Я.Златкин "Жоӊғар хандығыныӊ құрылуы" атты кітабында былай дейді: "1643 жылдыӊ қақтығысы мен оныӊ салдары жайында орыс және моӊғол жазбалары мол әрі кәдімгідей жан-жақты баяндайды. Ол жайында бірінші баяндаушы Батур қонтайшыға сапардан 1644 жылы ақпанда Тобылға оралған Г.Ильин болды. Г.Ильин жазбаша жасаған мәліметі мынаны хабарлайды: Батур қонтайшы Жәӊгір сұлтан мен Жалаӊтөске қарсы аттанып, Алатау қырғыздарынан 10 мыӊ тұтқын алып қайтады. Ол жөнінде хабар Жәӊгірге жетеді. Жәӊгір қонтайшыға қарсы қол жинайды, оныӊ қолында 600 кісі болады. Жәӊгір тастар арасынан оқпана қазып, оған 300 адамды орналастырады, 300 адамды өзі бастап тастыӊ қалқасына тығылады. Қонтайшы өз әскерімен оқпанаға келеді, оқпанадағылар Қонтайшыныӊ көп адамын қырады. Ту сыртынан қотайшыға Жәӊгірдіӊ өзі тағы шабуылдайды. Сөйтіп осы екі ұрыста Жәӊгір қонтайшыныӊ 10 мыӊ қолын жойып жібереді. Сол соғыс кезінде Жәӊгір сұлтанға көмекке Жалаӊтөс келеді, онымен бірге 20 мыӊ әскер болады. Қалыӊ қолды көрген Қонтайшы кейін шегінеді. Қолға түсірген Жәӊгірдіӊ адамдарын Қонтайшы өзімен бірге әкетеді. Биыл көктемде қонтайшы Жіӊгір мен Жалаӊтөске тағы да аттанбақ"- деп жазады.[Златкин.И.Я. Жоӊғар хандығыныӊ құрылуы.М.,1983.130 б].

Осы оқиға жөнінде "1643 жылы Шақпақ Кеӊгір тауыныӊ арасында Батурдыӊ елу мыӊ қолын Жәӊгір хан 600 жасақпен екі сай арасын ұтымды пайдаланып, оқ дәрі қару күшімен және Жалаӊтөс батырдыӊ жиырма мыӊ қолыныӊ арқасында жеӊген." - деп жазады. [Левшин.А.И. "Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей" 1996.- с.160.].

1649 жылы Бұхара ханы Абдулазиз бен Иран патшалығы арасындағы Қорасан және Балқ үшін болған соғыста Жалаӊтөс баһадүр қалын әскерлерге қолбасшылық жасап, жауды жеӊіп шықты. Жорықта олардыӊ 200 мыӊ әскері болған. Бұл ретте де одақ түзіліп, қазақ ханы Жәӊгір соғысқа 100 мыӊ қолмен қатысып, Иран шахын талқандап, Қорасан, Балқ, Герат және басқа жерлерін қорғап қалған. Жоғарыдағы деректер "Тарихи Қыпшақи" атты Қожамқұли Балқидыӊ еӊбегінде айтылған.

Тарихшы П.П.Иванов өзініӊ "Орта Азия тарихыныӊ очерктері" деген кітабында: "Абдулазиз ханныӊ аталығы Ялантуш би ХVІІ ғасырдаҰлы Моғолдарға (Индия) қарасты болған Кабул қаласыныӊ төӊірегіне және Иранныӊ Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оныӊ өзініӊ иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардыӊ күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды," - деп жазады.

Осы ұрыс туралы академик М.Е.Массон: "Жеӊімпаз Жалаӊтөс батырға сырттан келген сый-сияпат көлемі мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қаражат байлыққа жасақ ұстаумен бірге Самарқандта сәулетті сарайлар мен медреселер жасатқан, .." ,-деп жазса, академик Т.А.Пугаченкова: "бұл медреселер сәулет өнерініӊ інжу-маржаны" - деп айтқан

Жалаӊтөс өзіне берілген лауазымды пайдалана отырып, Самарқанд шаһарыныӊ әкімі ретінде екі үлкен тарихи әрі сәулетті кешен тұрғызады.

Самарқандағы Ұлықбек медресесініӊ қарсысынан (1620-36ж.ж.) "Ширдор" (Арыстан қақпа) медресесін салдырды. 1646ж. екі медресесініӊ ортасынан "Тіллә Қари" (Алтынмен апталған) медресесініӊ құрылысын бастайды, бірақ бұл медресеніӊ құрылысы Жалаӊтөс баһадүр қайтыс болған соӊ, 1660 ж. оныӊ шәкірті алшын Бекқұлдыӊ жалғастыруымен аяқталды.

Жалаӊтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаӊын қалыптастырды да, кейін қаланыӊ салтанатты орталығына айналды.

Баһадүр салдырған "Ширдор" (1619-1636), "Тиллә-Қари" (1644-1666) медреселері қазірге дейін сақталып, сәулет өнерініӊ үлкен туындысы ретінде Самарқанд қаласыныӊ рәмізі іспетті жайға айналған.

А.П. Хорошкин "Жаулап алған Персиядағы "Машадь" (Мешхедь) қаласыныӊ ақшасы мен асыл қазыналарыныӊ есебінен бұл медреселерді салдыртты" - деп жазады. [12, 63 б].

Жалаӊтөстіӊ батырлығы, ерлігі жекпе-жек ұрыста ерекше көрінеді. Ол 42 рет жекпе-жек ұрыста жеӊіп шыққан. Исіресе, батырдыӊ шаһ Жаһан әскеріндегі 14 сарбазымен соғысындағы соғыс өнерін шебер білетін, қайсар да қажырлы бейнесі тамаша берілген.

Жалаӊтөс баһадүр 1656 жылы дүниеден озып, өзініӊ өсиеті бойынша Самарқандтыӊ солтүстік батысына орналасқан "Даһбед" мазарына қойылған. Себебі, ол жерде Жалаӊтөс баһадүрдіӊ пірлері - Махдуми Ағзам және оныӊ немересі Қожа Хашими Даһбеди жерленген еді.

Жалаӊтөс баһадүр ұлттық батыр деген атаққа толығынан сай , сондықтан жас ұрпаққа оныӊ тұлғасын батырлықтыӊ эталоны, өлшемі, үлгісі тұрғысынан жан-жақты оқытып, үйретуіміз керек. Халқымыздыӊ ұғымындағы батырлық тағлымы ұлттық батыр деген атаққа Жалаӊтөстей тұлғаларды ғана өлшем ететінін кейінгі ұрпақтыӊ біліп өскені ләзім.

Ахметбек Бақытжан,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дыӊ қызметкері

kyzylorda-news.kz порталы

"Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,

болашақтыӊ дидарын көзге елестету

үшін де кешегі кезеӊге көз жіберуіміз керек"

Н. И. Назарбаев

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны