15.06.2012, 16:24 3150

Жаңа оқу жылында Қазақстанның 35 мектебіне көптілді оқыту жүйесі енгізіледі

Қарқынды дамып келе жатқан еліміз ұлтымыздың зияткерлік әлеуетіне басымдық беріп отыр.

Астана. 15-маусым. Kazakhstan Today - Жаңа оқу жылында Қазақстанның 35 мектебіне көптілді оқыту жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қарқынды дамып келе жатқан еліміз ұлтымыздың зияткерлік әлеуетіне басымдық беріп отыр.

Осыған байланысты, өскелең ұрпақтың сапалы білім алғаны өте маңызды мәселе. Республикада новаторлық әдістемелер, орта мектептерде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан өткізілуде. Атап айтқанда, 2012-2013 оқу жылында Қазақстанның 35 мектебінде ілкі режімде көптілді оқыту жүйесі енгізілгелі отыр, деп хабарлады pm.kz сайты.

"Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі. Бұл, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау. Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін... ,біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізудің маңызы зор",- деп атап көрсетті ҚР Президенті Н.Назарбаев "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ағылшын тілін ерте үйрету жобасын енгізу, ал 35 мектепте - мектеп бағдарламасына көптілді жүйені енгізудің ілкі жобасы мен 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету жобасын қолға алу жоспарланып отыр. Және жаңа тұжырымдамалық әдістемелердің барлығы негізгі базалық алаң - "Назарбаев Зияткерлік мектебінде" сынақтан өткізілуде.

Яғни, Назарбаев Зияткерлік мектебі осы бағдарламаларды нәтижелі іске асыруда негізгі рөл атқаратын болады. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерге өз тәжірибесін тарату үшін көптілді оқытудың тәжірибелік бағдарламасын әзірлеуі, балалардың тек білімін ғана емес, дағдыларын да бағалау үшін оқу үдерісін бағалау жүйесін енгізуі, пәндердің мазмұнына тәрбие беру компоненттерін ықпалдастыруы керек.

Тағы бір айта кететін мәселе, көптілдік білім беру жүйесін құру үшін 2012 жылдан бастап педагогтардың біліктілігін жетілдірудің форматы мен мазмұны өзгертілді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жандарынан Педагогикалық шеберлік мектептері және "Өрлеу" АҚ-ның Педагогикалық кадрларды қайта даярлау ұлттық орталығы құрылды. Орталықтар 5 жылда 125 мыңнан астам педагогты қамти алады.

Оған қоса, Елбасының тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2015 жылдарға арналған ұлттық іс-қимылдардың жоспарын жасап отыр. Білім беруді дамытудағы жаңа бағыттардың бірі болып табылатын бұл жоспар оқушылардың салауаттылығын дамыту жөніндегі жүйелік қызметті қамтамасыз етуге негізделген.

"Ұлттық жоспарды іске асыру біздің мұғалімдеріміз бен оқушыларымыздың халықаралық білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттіліктерін арттыра түспек",- делінген ведомство хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны