28.12.2011, 13:18 3632

Жаңаөзен тұрғындары азық-түлік тапшылығын сезініп отырған жоқ

Жаңаөзенде және Ақтауда азық-түліктің 13 аталымы бойынша 1,5 айлық қор жасалды, деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев.

Астана. 28-желтоқсан. Kazakhstan Today - Жаңаөзен тұрғындары азық-түлік тапшылығын сезініп отырған жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Жаңаөзенде және Ақтауда азық-түліктің 13 аталымы бойынша 1,5 айлық қор жасалды, деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев.

М.Толыбаевтың атап көрсетуінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаны тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың күзінде барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тұрақтандыру қорларын құруға қомақты сома бөлген.

"Осы бағдарламаға сәйкес, "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұған дейін 588 млн. теңге қаржы алған болатын, енді Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты біз Үкіметтің тапсырмасы бойынша қосымша 494 млн. теңге тағы бөлдік. Бұл ақшаға бірінші кезекте қажет болатын азық-түліктер сатып алынды. Олар - 13 аталым бойынша жалпы салмағы 5120 тоннаның азық-түліктері. Оның 588 тоннасы Жаңаөзенге арналған",- деп атап көрсетті ауыл шаруашылығы вице-министрі.

М.Толыбаевтың айтуынша, "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұған дейін Жаңаөзенде 6 тұрақты стационарлық дүкен ұйымдастырған болатын. Қазір Ақтаудан қалаға қосымша 7 автодүкен ауыстырылды.

"Онда қазір мемлекеттің атынан азық-түлік өнімдерін сатып жатқан 13 сауда нүктесі бар. Картоп, қырыққабат, пияз, макарон өнімдері, жұмыртқа, тұз, қант сияқты өнімдер. Біз Жаңаөзендегі аталған сауда нүктелерін, сондай-ақ Теңге, Рахат, Қызылсай ауылдарындағы сауда нүктелерін аралап шықтық. Сауда қызу жүріп жатыр. Бірқатар өнімдердің бағасы республикалық деңгейден арзан",- дейді Марат Толыбаев.

Вице-министрдің айтуынша, картоп пен пияздың бағасы 75-80 теңгенің шамасында, бірінші сұрыптағы ұнның бағасы- 52 теңге, күріш бағасы- 125 теңге.

"Баға қымбат емес. Осылайша, азық-түлікпен айналысып отырған біздің топ, Жаңаөзенде азық-түлік проблемасы жоқ екенін нық сеніммен айта аламыз",- деп түйіндеді өз сөзін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны