ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДАМУЫ
ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНҒАН ЖЫЛДАР. №14 Балалар жасөспірімдер дене шынықтыру клубы алғаш рет 2003 жылы шілденің 15 жұлдызында құрылды. Айтулы клуб алғашқы рет Алматы қаласы білім беру Департаментінің Жетісу аудандық білім беру бөлім қарамағындағы № 137 жалпы орта мектепке тәуелді болды. Жаңадан іргесі қаланған жас клуб сол жылдары алдына асқар алды мақсаттарды қоя білді. Ирине, негізгі мақсаттардың бірі: балалардың жеке тұлға болып өсіп, спорттағы жан-жақты шеберлігін танытуға барша жағдай туғызып еді. Жас ұрпақтың бойына салауатты өмір салты, жөн жүйесімен жүргізе білген арманымен биік талабы зор ұжым бүгінде дегеніне жетті. Ол кезде ашылған клубтың қосымша білім беру 22 ұстаз дәріс беретін. Балаларға арналған спорттық ойындардың түрлеріне: төғызқұмалақ, командалық ойын түрлеріне: баскетбол, волейбол және футбол, күрес түрлерінде: дзюдо, қазақша күрес, еркін күрес, грек-рим, таеквондо, аэробика, гимнастика, шахмат, жүзу секілді кең түрінде 1075 оқушы жаттығатын болған.
Клубта жаттығатын жасөспірімдердің оқу-жаттығу сабақтары Жетісу аудандағы жалпы білім беретін мектептердің спорт базаларында жүргізілді. №14 Балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубының түлектері сол кездері аудандық қалалық деңгейде өткізілетін жарыстардан қалмай қатысып, жүлделі орындарды иеленіп отырды. "Талапты елге нұр жауады''- дейді бабаларымыз, ақ толқындай спорт клубынан талайды таң қалдырып жатқан жас спортшылардың табысына назар аудармау мүмкін емес еді. Клуб өз деңгейінен биік нәтижелерді көрсете бастаған соң, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы осыны еске отырып, 2005 жылы тамыздың 01-ші жұлдызында "Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі" деген мәртебелі атақты тарту етті.
Спорт мектебі атағы берілген жылдан бастап таеквондо, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу және спорттық би секілді спорт түрлерінен дарынды жастар жаттыға бастады. Мысалы, 2008 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта, жаттығатындардың арасында 1001 спортшы разряд атағына ие болса, 97 спортшы - спорт шеберлігіне үміткер, 15 спортшы - ҚР спорт шебері, сондай-ақ 2 спортшы - "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" деген атақпен марапатталады.
2010 жылы осы мектепте жаттығатын жасөспірімдердің толағай табыстары елге жайыла бастады. Сүйіншілеп жеткізер бір жай, бұл мектепте 2013 жылы қаңтар айының 17 жұлдызында келіп жетті. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің бұйрығымен аталмыш спорт мектеп "Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі" деген құрметті атауға ие болды.
2013 жылдың тек 9 ай ішінде педагогикалық ұжымның жаттықтырушылары 173 спортшыға - бұқаралық разряд, 17 спортшыға - І спорт разряд, 23 спортшыға - спорт шеберіне үміткер, 5 спортшыға - ҚР спорт шебері, 2 спортшыға - халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақтарын иеленуге мүмкіндік берді. Міне, осындай берекелі табыстар аталмыш мектептің ұзақ жылдар бойы талмай жасаған еңбектерінің жемісі деп айтуға толықтай негізі бар.
ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛДАРЫ. 10 жыл ішінде "№14 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөсрірімдер мектебі" жеткен жетістіктері бір түйеге жүк артқандай. Спорт мектебінің абыройын асқақтатқан дарынды жастар әр уақытта айтулы мектеп ішінде қабырғадан орын алады. Мысалы, спорттың жеңіл атлетика түрінен Қазақстан Республикасы біріншілігінде топ жарып, Азия чемпионаттарында алдына жан салмай спортшылардың қатарында қалың деуге болады. Тіпті, әлем додаларына қатысып, жүлделі орын алмаса да, нәтижелі өнер көрсеткендері де баршылық.
Енді, сол дарынды ұл-қыздарымыздың есімдерін алға тарталық: 5000 м. жартылай марафонға жүгіруден 2012 жылдың ҚР-ның чемпионы - Михаил Красилов; 1500 м. және 3000 м. қашықтыққа жүгіруден "жүйрік желаяқтың бірі" ҚР-ның біріншілігінің 6-дүркін чемпионы - алтын жүлдегері - Ментаева Зарина; 2000 м. және 3000 м. жүгіруден 2012 жылы Якутияда өткен "Дети Азии" ойындарының 2-дүркін жеңімпазы, ҚР-ның чемпионы - Ислам Амангос. Спорттық желі жүрісінен 2000 м., 5000 м., 10000 м. қашықтыққа ҚР жарыстарының жеңімпаздарымен жүлдегерлері, Орталық Азия елдерінің халықаралык жарыстарының 1 және 2 орындарының иегерлері - ағайынды, апалы-сіңлілі Дана және Диана Айдосовалар.
Жүзуден ҚР абсолюттік чемпионы - Сарра Есенбаева. Сондай-ақ, спорттың осы түрінен ҚР бірнеше дүркін рекордтарын жаңартқан, еліміздің 4-дүркін жеңімпазы Халел Қымбат секілді саңылақ спортшылардың есімдерін мақтана айтуға болады.
Бұл мектепте дзюдо күресінен жаттығатын балаларда қара жаяу емес. Олардың арасында ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері, халықаралық турнирлердің женімпаздары Қайырбаев Жеңісбек, Құдайбергенов Мәди.
Таеквондо спорт түрінен: Жандаева Малика, Абдугаитов Дамир - халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, 2008 жылы Илем чемпионатында 2 орынға ие болды, 2012 жылы Қазақстан кубогының жеңімпазы, Иманбекова Азиля - Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2012 жылғы Қазақстан Республикасы кубогының жеңімпазы.
Спорттық биден мақтаныштарымыз да толағай: Кравченко Владлен және Токтарова Айгерим - 2012 жылы Қытайда Макао қаласында өткен Азия чемпиондары, 2013 жылы Кореяда өткен Азия ойындарының жеңімпаздары, Попова Вероника - 2010, 2013 жылғы Азия чемпионы, Антипин Максим - 2013 жылғы Азия ойындарының 2-дүркін күміс жүлдегері, Жуматаев Аян және Казбекова Лия - бірнеше дүркін ҚР чемпиондары.
ОЛИМПИАДА АСУЫ. Қазақстан спортшылары ХХХ-шы Лондон Олимпиадасында біздің намысымызды абыроймен қорғап, егеменді ел тарихында бұрын болмаған табысқа жетіп, жалпы командалық 12-орынды жеңіп алды. Еліміздің көк байрағы Лондон төрінде 7 рет көкке көтерілді. Міне сондай ұлы табыстардың бастау бұлағы осындай тоқымдай ғана мектептерде жаттығатын спортшылардың ақ жолтай жолдарынан бастау болатыны айқын. Елбасы, сол Лондон Олимпиадасынан оралған спортшыларды қабылдай отырып, болашақта әлі де жарқын табыстарға жететінімізге сенімді түрде айтқан болатын.
Бүгін міне талай талай тарланбас спортшылар тәрбиелеп шығарып отырған, Алматы қаласы "№14 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі" - 10 жылдық мерей тойын осындай жетістіктермен атап өтіп отыр. Берекелі де мерекелі де осы мектептің ұжымының дарынды спортшыларына әлі де талай толағай табыстарды тілей отырып, мектептің өркені өсе берсін, мерей тойы құтты болсын дейміз!

