26.03.2021, 21:21 16688

"Жасыл" және "сары" аймақтардағы оқушыларға сабақта маскасыз отыруға рұқсат етіледі

НҰР-СҰЛТАН. 26 НАУРЫЗ - Сабақ барысында маска кию талабы "қызыл" аймақтардағы оқушыларға таралады, бұл талап "сары" және "жасыл" аймақтардағы оқушыларға қатысты емес, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Денсаулық сақтау министрлігі сыныптарда маска тағу талабын алып тастағанда, қолданыстағы тәжірибені басшылыққа алды: бетперде тақпауға рұқсат берілген жағдайларды, мысалы, тамақтану орындарында тамақ ішкен кезде. Балалар 40 минут, ал төменгі сыныптар 30 минут сабақта отырады, үзіліске шығады. Сонымен қатар, іс жүзінде көптеген сыныптарда балалардың көбі маскасыз отырады, оны мониторингтердің нәтижелері көрсетті, немесе баланы 40 минут бойы маскамен отырғызып қою өте қиын. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі талапты талдап, осындай шешім қабылдады. Бірінші кезеңде штаттық режимде оқытуға рұқсат берілген өңірлерде, тек сол жерде ғана бұл талаптар сақталмайды", - деп түсіндірді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тамақтану, тәрбие және білім беру объектілерін санитарлық-гигиеналық бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Марал Рахымжанова.

 
Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова облыс немесе елді мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, барлық оқушылар төртінші тоқсаннан бастап оқытудың аралас форматына көшетінін айтты. Бұл ретте пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, бір бөлігі қашықтан өткізілетін болады. 300 оқушыға дейінгі контингенті бар мектептер оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады.
 

1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша сыныптарды 25 адамнан артық емес оқытуға жол беріледі. Сабақтың ұзақтығы - 40 мин. Бала ауырған немесе науқастармен байланыста болған жағдайларда, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі", - деді ведомство өкілі. 

 
Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде оқыту форматын жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық санитариялық дәрігерлер айқындайды. 
 
Министрлік негізгі пәндерді штаттық форматта оқытуды, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін қашықтан өткізуді ұсынды.
 

Ауысымдар бойынша сыныптар санын, сондай-ақ жекелеген пәндерді қашықтан оқытуды мектеп дербес белгілейді. Дене шынықтыру сабақтарын таза ауада өткізуге ұсыныс берілді", - деді Каринова.

 
Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады. Асханалардың жұмысы ЖАО шешімі бойынша және санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімімен ұйымдастырылады. 
 
Оқушылар оқу жылының соңына дейін еркін киіммен жүре алады.
 
Сонымен қатар, 1 сәуірде 1-сыныпқа келетін балалардың құжаттарын қабылдау басталады. Құжаттарды "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы тапсыруға болады. 
 

Мектепке қабылдау барысында білім беру ұйымы оқуға қабылдау қағидаларында көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ. Ата-аналар электронды форматта өтініш, оқушының туу туралы куәлігін және баланың медициналық паспорты мен 2 фото тапсырады", - деді білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

 
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2021-2022 оқу жылы республика бойынша шамамен 340 мың бала 1 сыныпқа барады.
 
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов 2021 жылғы 25 наурыздағы №12 жаңа қаулыға қол қойды, онда қазақстандық оқушылардың 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында қалай оқитыны анықталды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны