10.01.2007, 16:23 3259

Жезқазғанда нан бағасы өсті

ЖЕЗҚАЗҒАН. 10-қаңтар. Kazakhstan Today. Жезқазғанда нан өнімдерінің бағасы өсті: бөлке нан немесе батон 5 теңгеге қымбаттап, олардың бағасы 40 теңге болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Нан бағасының өсуі ұнның қымбаттауына байланысты",- деп түсіндірді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Жырсынбай Лекеров. Қалалық наубайханаға негізгі ұс тасымалдаушылар "Нан өнімдері" АҚ мен "Қарағанды-нан" ЖШС-тің Жезқазғандағы филиалы болып табылады. "Ұнның бағасы бірінші рет 8 қаңтарда өсті. Қарағандыдан тасымалданатын ұнның бағасы 29 желтоқсанда көтерілген болатын",- деді Ж. Лекеров.

Оның сөзіне сүйенсек, Жезқазғанда қазіргі уақытта 10 кіші наубайхана бар, олардың барлығы да жоғарыда көрсетілген тасымалдаушылардың ұнын пайдаланады.

Сондай-ақ, оның айтуынша көлік шығындары да көтерілген.

"Нан өнімдері" АҚ өндіретін және тасымалдайтын ұн бағасының қымбаттау себептерінің бірі - астық қорының аз болуында. "Біздің аймақтағы астық түсімі осы күзде төмен болды. "Нан өнімдері" АҚ ұнның бағасын өсіруге мәжбүр болып отыр, олар осылай өз шығындарын жартылай болса да жабады", - деп түсіндірді Ж. Лекеров.

"Аталған негізгі себептерге байланысты ұн бағасының өсуінен, осының салдарынан одан жасалатын өнімдер бағасының өсуінен біз қашып құтыла алмаймыз және бұл заңдылық",- деп санайды қалалық кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі.

Қазіргі уақытта нанның бұрынғы бағасын тек үш наубайхана ғана ұстап отыр, яғни олардағы нанның бағасы 35 теңге. Олардың біреуі алдында сатып алынған ұн қорымен жұмыс істеуде, ал қалғандары осы бағаны қосымша кіріс есебінен ұстауға мүмкіндіктері бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны