28.02.2007, 13:27 3209

2008 жылы бюджеттік сала қызметкерлері үшін еңбек демалысына шығу барысында сауықтыру жәрдемақысы төлене бастайды

АСТАНА. 28-ақпан. Kazakhstan Today. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев парламентте Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауында, 2008 жылы бюджеттік сала қызметкерлері үшін еңбек демалысына шығу барысында сауықтыру жәрдемақысын төлей бастауға тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бюджеттік саладағы жалақы 2007 жылдың қаңтарынан бастап 30 пайызға өскен. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты жұмыстарды жалғастыруымыз қажет",- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. "Білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салалардағы мамандардың мәртебесін көтеру, мамандарды тарту және олардың әлеуетін нығайту үшін 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап еңбек демалысына шығу барысында қызметтік бір еңбекақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысын төлеуді енгізу қажет, деп санаймын",- деп атап өтті мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның сөздеріне сүйенсек, тек 2008 жылы бюджеттен бұл мақсатқа 30,6 млрд теңге бөлінеді.

"Өткен жылдары 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында еңбек сіңірген тұлғаларды әлеуметтік қамтамасыз ету туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Бұрындары біз №1 тізім бойынша мәселені шешкенбіз, енді №2 тізім бойынша мәселені шешуіміз қажет. Мұндай қазақстандықтар саны 28 мыңнан асып жығылады",- деп қосты мемлекет басшысы. "Біз аталмыш санат үшін 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде арнаулы жәрдемақыны енгізе аламыз, бұл үшін жыл сайын 3 млрд теңге қажет . Осындай қаржыны қарастырып, 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап №2 тізім бойынша арнаулы жәрдемақы төлей бастау қажет",- деп тапсырды ол.

Президент 2008 жылғы барлық әлеуметтік төлемдерді өсіруге қажетті жалпы қаржы шамамен 108 млрд теңгені құрайтындығын атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны