10.12.2021, 19:21 121860

Абаев зейнетақы төлемдерін алу үшін жеткіліктілік шегінің көтеруімен байланысты жағдайға түсініктеме берді

Оның сөзіне қарағанда жыл басында қолға алынған зейнетақы реформасының арқасында елімізде 600 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған.
Абаев зейнетақы төлемдерін алу үшін жеткіліктілік шегінің көтеруімен байланысты жағдайға түсініктеме берді
Сурет: gov.kz
НҰР-СҰЛТАН. 10 ЖЕЛТОҚСАН - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.
 

Мемлекет басшысы бүгінгі шешімімен бірнеше мәселені күн тәртібінен алып тастады деп ойлаймын. Менің ойымша, енді наразы болғандардың саны әлдеқайда аз болатын шығар. Бірақ базалық өлшемде біз мынаны естен шығармауымыз керек. 1998 жылы Қазақстан зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақтық жүйесіне көшкен болатын. Ал жеткіліктік шегі – мемлекет азаматтардың қарттық өмірін қаматамсыз ете алу үшін есептеп шығарған сома. Біз зейнетақы жинағын әлі де төмен шек бойынша үлестіре аламыз. Сол ақшаға бүгін сатып алған баспанасын ертең қартайғанда күнкөріс қамы үшін сататындай жағдай туындайтын болса, олай жалғастырудың мәні бар ма?", - деді Дәурен Абаев "Ашық диалог" сұхбатында.

 
Оның сөзіне қарағанда жыл басында қолға алынған зейнетақы реформасының арқасында елімізде 600 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған.
 

Әрине, мен жинағын енді шешіп үлгермейтіндердің ашуын түсінем. Бірақ экономикалық жағдай, өкінішке қарай, құбылып тұрады. Кейбір сарапшылар сияқты реформаны бастан-аяқ жарамсыз етіп сынау әділетсіз. Осы кезеңде 600 мың транзакция мақұлданған екен. 600 мың отбасы! Бұл 2 млн адамнан артық адам өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартты деген сөз", - деді ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

 
Сондай-ақ ол зейнетақы жинағындағы ақшаны бүгін амалын тауып алмаса, ертең бәрі бір игілігін көру мүмкін емес деп ойлайтындар туралы пікір білдірді.
 

Бұл жөнінде сарапшылардың көбі айта бермейді. Қазақстан – бүкіл әлем бойынша зейнетақы жинағын инфляция тәуекелдерінен сақтауға кепілдік беріп отырған жалғыз мемлекет. Сондықтан зейнетақы жиғанынан неғұрлым көп ақша шешіп алғысы келетіндердің мәселесі қорқынышта емес, жоспарлау көкжиегінің кеңдігінде болса керек. Біз бүгінгі күніміз ертең болатын дүниеден маңызды деп ойлап алғанбыз. Бүгін жеткіліктілік шегі көтеріліп кеткенінен наразы болып жүгендер, ертең "неге мардымсыз зейнетақы аламыз" деп шағымданатыны анық", - деді Дәурен Абаев.

 
Еске салайық, 2022 жылдың 1 қаңтарынан біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтерілетіні мәлім етілген болатын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец аталған шекті мөлшер неліктен арттырылатынын түсіндірді.
 
Кейін зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты enpf-otbasy.кz платформасына үш күн ішінде өтініштердің рекордтық саны жолданғаны айтылды.
 
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі зейнетақы жинағын "Отбасы банк" депозитіне аудару мүмкіндігін түсіндірді.
 
Кеше сенатор Нұрлан Қылышбаев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты жеткіліктілік шегін арттыру мәселесін көтерді. Депутат Мемлекет басшысы зейнетақы есеп-шотынан артық жинақты алуға мүмкіндік берілетін азаматтар санатын біртіндеп ұлғайтуды тапсырғанын еске салды. Сенатор қазіргі таңда жеткіліктілік сомаларын көтеру тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны