18.04.2023, 14:16 14426

Тоқаев АЭЖХА басшысымен Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын талқылады

Президент атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ядролық қауіпсіздік режимін нығайту мәселелерінде АЭЖХА-ның маңызды рөл атқаратынын атап өтті
Тоқаев АЭЖХА басшысымен Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын талқылады
Сурет: akorda.kz
Астана. 18 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Гроссидің сапары Қазақстан мен Агенттік арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.

Сіздің сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды дамыту тұрғысынан дер кезінде жасалып отырғанына сенімдімін. Қазақстан үшін Агенттікпен жұмыс істеудің мәні зор. Аса маңызды құрылымның басшысы ретіндегі Сіздің қызметіңізді қолдаймыз және жоғары бағалаймыз", - деді Президент.


Кездесу барысында техникалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және елімізде АЭС салуға қатысты ауқымды мәселелер талқыланды.

akorda.kz

Президент атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ядролық қауіпсіздік режимін нығайту мәселелерінде Агенттіктің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Өз кезегінде Рафаэль Гросси құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау үдерісі көшбасшыларының бірі әрі жауапты жақтаушысы ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалады.

Біз түрлі салада көп істі бірге атқарып келеміз. Денсаулық сақтау саласынан бастап ядролық энергетиканы дамытуға қатысты болашақ бағдарламаңызға дейін көптеген мәселе бойынша Сізбен пікір алмасатыныма өте қуаныштымын", - деді Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда атом электр станциясын орналастыру ауданын таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылатын болады. АЭС үшін оңтайлы орын ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылады.

Ақпан айында Ресей Астанаға ыңғайлы кез келген форматта Қазақстанда АЭС салу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны