13.01.2026, 09:52 2186

Ақмола облысында әлеуметтік сала мәселелері талқыланды

Ақмола облысында әлеуметтік сала мәселелері талқыланды
Сурет: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Көкшетау қаласында Ақмола облысының әлеуметтік саласына қатысты мәселелер қаралды. Кеңес "Aqmola Digital" алаңында өтіп, оған облыс әкімі Марат Ахметжанов, әлеуметтік сала вице-министрлері, орталық мемлекеттік органдар мен өңірдегі әлеуметтік сала басшылары қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Ең алдымен, қатысушылар облыстағы білім беру саласын, әсіресе мектепке дейінгі білім беру мәселелерін талқылады. Балабақшалар 97,1% баланы қамтығанымен, әлі 3 мыңнан астамы кезекте тұр, бұл инфрақұрылымға түскен жүктеменің көп екенін көрсетеді. Сонымен қатар мамандар болжамы бойынша 2028 жылға қарай мектептегі орындар тапшылығы 4 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса, өңірдегі білім сапасына кадр жетіспеушілігі де кері әсерін тигізіп отыр. Мектепке дейінгі білім беру саласында 690 педагог жетіспейді, ал жекеменшік секторда біліктілік санаты бар педагогтердің үлесі небәрі - 13,4%.

Өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі кей көрсеткіштердің жақсаруы негізгі мәселелерді толық шешпейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, облыс бойынша өмір сүру ұзақтығы - 74,2 жас. Сонымен қатар 2025 жылдың 10 айында жалпы өлім-жітім 4%, нәресте өлімі 36,7 % және туберкулезден көз жұмғандар саны 29,6% төмендеген.

Адамдар үшін есептегі сандар емес, нақты нәтиже маңызды. Көрсетілетін көмек қолжетімді, уақтылы және сапалы болуы керек. Әрбір салынған нысан лицензия, құрал-жабдықтар, кадрлармен қамтамасыз етіліп, "толық циклде" жұмыс істеуі тиіс. Ал ана өлімі мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты "аса сезімтал" көрсеткіштер бойынша жекелеген шаралар емес, бірыңғай басқарушылық байланыс пен барлық деңгейде жауапкершілік қажет", - деді Аида Балаева.


Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігіне тікелей ықпал ететін деректердің сапасы негізгі мәселе ретінде атап өтілді. Бірыңғай цифрлық платформаға 727 ұйым енгізілгені сөз болып, сонымен қатар қосарланған жұмыспен қамту мен кадрлық есептіліктегі бұрмалауларды қоса алғанда, қайта тексеруді қажет ететін жағдайлар анықталғаны айтылды.

Кадр мәселесі де жиында талқыланған маңызды тақырыптың бірі болды. Облыста Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 3 жоғары оқу орны жұмыс істейді (13,1 мың студент, оның ішінде 4,7 мыңы - мемлекеттік тапсырыс бойынша). Ал өңір экономикасының жыл сайынғы кадр қажеттілігі шамамен 12,5 мың адам, оның жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білім беру саласына тиесілі. Осыған байланысты өңірлік білім беру тапсырысын нақтылау және ерте кәсіби бағдар беру жұмысын күшейту қажеттігі көтерілді.

Сонымен қатар Аида Балаева жұмыс сапары аясында Ақмола облысының Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуде халықпен тұрақты байланыс орнату және әлеуметтік қызметтердің сапасына қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар тапсырма берді. Атап айтсақ, білім беру саласы бойынша жеке жоспар әзірлеу, денсаулық сақтау саласындағы бақылауды ана өліміне, кадр мәселесіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті "толық циклде" іске қосуға басымдық бере отырып күшейту, әлеуметтік саладағы деректерді верификациялауды аяқтау және қосарланған қаржыландырудың алдын алу. Сондай-ақ кадрларды өңір қажеттіліктеріне сай даярлау, білім және ғылым, туризм және спорт салалары бойынша инфрақұрылымдық шешімдерді нақты мерзімдер мен жауаптыларды айқындай отырып жеделдету тапсырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны