14.05.2012, 11:13 3174

"Ақ жол" партиясы елбасының атына Қазақстан кәсіпкерінің күнін белгілеу бастамасымен хат жолдады

"Қазақстанда ресми түрде жаңа кәсіп -кәсіпкер пайда болды, бұл кәсіпкерлерді "алыпсатар" мен "саудагер" есебінде емес, қазіргі Қазақстанның жасампаздары мен қоғамның беделді мүшелері ретінде жаппай қабылдауға оңды әсер етті".

Астана. 14-мамыр. Kazakhstan Today - "Ақ жол" партиясы елбасының атына Қазақстан кәсіпкерінің күнін белгілеу бастамасымен хат жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы жеке бизнес пен кәсіпкерлікті тұрақты түрде қолдап отырғаныңыз үшін Сізге өзінің шексіз құрметі мен алғысын білдіреді",- деп басталған елбасына жолданған хатта.

"Сіз біздің еліміздегі нарықтық реформалардың басты ұйымдастырушысы, қазақстандық экономикалық ғажайыптың авторы болып табылатыныңыз баршаға мәлім. Сіз іске асырған экономикалық реформалар қоғамның әлеуметтік құрылымындағы ғаламдық өзгерістерге әкелді, солардың тумасы мен заңды нәтижесіндей болып, Сіздің тұрақты қамқорлығыңызбен отандық кәсіпкерлік дамуда. Биылғы жылдың 4 шілдесінде елімізде жеке бизнес пен іскерлік бастаманы дамыту үшін алғышарттарды жасаған "Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы" Заңына Сіздің, Қазақстан Республикасының Президенті Н.И.Назарбаевтың қол қойғанына 20 жыл (1992 ж.) толады. Сол күннен бастап Қазақстанда ресми түрде жаңа кәсіп -кәсіпкер пайда болды, бұл кәсіпкерлерді "алыпсатар" мен "саудагер" есебінде емес, қазіргі Қазақстанның жасампаздары мен қоғамның беделді мүшелері ретінде жаппай қабылдауға оңды әсер етті",- деп атап көрсетілген құжатта.

"Отандық кәсіпкерлер қазақстандық әлеуметтік-экономикалық үлгіде маңызы аз емес рөл атқарады, Мемлекет басшысының аса маңызды бастамаларының сенімді жақтастары болып табылады. Олар өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы, сауда мен қызмет көрсетудің барлық салаларында жемісті еңбек етуде; экономикадағы тұрақтылық пен прогрессивті өзгерістердің әлеуметтік тірегі болып қызмет етеді, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады. Сондықтан, біздің ойымызша, Кәсіпкерлердің кәсіби күнін белгілеу жолымен кәсіпкерлік қызметтің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын жаңа деңгейде мемлекеттік танудың қажеттілігі пайда болды",- деп жазады Ақ жолдықтар.

"Осы мәселе бойынша 2009-2011ж.ж. отандық бизнес қауымдастығының атынан "Атамекен" Одағы бастамашылдық та жасаған, бәлкім салалық кәсіби мерекелер бар болғандықтан ба, нәтижеге қол жеткізілмеді. Алайда, өмірге енген салалық кәсіби мерекелер жеке кәсіпкерлер белсенді жұмыс жасайтын экономика секторларының әралуандылығын қамти алмайды. Мәселен, Сіздің тапсырмаңыз бойынша іске асып жатқан Үдемелі инновациялық-индустриалдық дамыту бағдарламасының (ҮИИДБ) арқасында бұрын отандық экономикаға тән емес жаңа секторлар пайда болуда. Мысалы, тек соңғы жылдары автомобиль жасауда, теміржол машиналарын жасауда, баламалы энергетикада, құрылыс материалдарының жаңа түрлері өндірісінде кәсіпорындар құрылды; бір ай бұрын ғана қазақстандық құрастырумен алғашқы жеңіл ұшақтар аспанға көтерілді және т.б. Осы кәсіпорындар көбінесе шағын және орта бизнесте, әр жеке жағдайда еңбекпен қамтылғандардың азғантай санымен ұсынылған, бұл оларды экономиканың дербес салаларына бөлуге мүмкіндік бермейді",- деп айтылған елбасына жолданған хатта.

"Сонымен қатар, елде 260 мыңдай жеке кәсіпорын тіркелді, сондағы еңбекпен қамтылғандардың жиынтық саны 2,5 млн. адамнан асады. Мұның сыртында, жеке кәсіпкерлердің өздерінен басқа 300 мыңға дейін жалдамалы қызметкерлерді жұмыспен қамтамасыз ететін 900 мың шамасында ЖК жұмыс істейді. Тағы 300 мыңнан астам біздің отандастарымыз экономиканың аграрлық секторында жеке шаруалар қожалықтарында еңбек етеді. Сондықтан кәсіпкерлердің кәсіби мерекесін енгізудің жүздеген мың қазақстандықтар үшін шынында да өзекті және үлкен моралдық мағынасы бар",- деп санайды ҚДП.

"Жоғарыда баяндалғанды негізге ала отырып, сонымен қатар 1992 жылы шыққан "Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы" ҚР Заңына қол қоюыңыздың 20 жылдығының құрметіне орай, 4 шілдеде (аталған Заңға Сіз қол қойған күн) - қазақстандық бизнес пен жеке кәсіпкерліктің кәсіби мерекесі - Қазақстан кәсіпкерінің күнін белгілеуге жәрдемдесуіңізді сұраймыз",- деп қортындыланған "Ақ жол" ҚДП төрағасы Азат Перуашевтің қолы қойылған хатта.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны