17.04.2008, 19:12 3179

Ақтөбеде колониядан заңсыз босап шыққан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі тұтқындалды

Ақтөбеде колониядан заңсыз босап шыққан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі тұтқындалды

Ақтөбе. 17 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Ақтөбеде колониядан заңсыз босап шыққан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі тұтқындалды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Ақтөбе облыстық ІІД сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Венера Құрманәлі мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны жақында Ақтөбе қаласындағы үйлердің бірінің ауласында тұтқындалды. Ол бұған дейін құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде тіркеуде тұрған және Ақтау қалалық №2 сотының қаулысына сәйкес кісі өлтіргені және қарақшылық үшін іздеуде болған", - деп хабарлады В. Құрманәлі.

Оның айтуынша, күдіктіні 9 жыл бұрын Ақтөбе облыстық соты 10 жылға бас бостандығынан айырған. Жазаны Маңғыстау облысының колониясында өтеу ұйғарылған.

"Алайда, Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің мәліметтеріне жүгінсек, сотталушы Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бұрынғы бастығымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен қылмыстық келісімге келген. Соның арқасында жазадан заңсыз босап шығуға мүмкіндік алған", - деп атап көрсетті В. Құрманәлі.

"Сотталушыға туберкулездің өткір түрі деген жалған диагноз қойған. Содан кейін ол сот белгілеген мерзімді толық өтемеген. Ол жазалау мерзімі аяқталардан 3,5 жыл бұрын босап шыққан", - деп түсіндірді В. Құрманәлі.

"Сонымен қатар оның бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққаннан кейін белсенді өмір сүріп жатқаны, туберкулезбен ауырғаны жөнінде ешқандай тіркеуде тұрмағаны, тіпті медицина мекемесіне бір де бір рет қаралмағаны белгілі болды", - деді В. Құрманәлі.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалған және Маңғыстау облысының колониясына жөнелтілетін болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны