10.04.2023, 13:29 33716

Алдағы үш жылда Қазақстанда 500-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарлануда

Бұл үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді
Қонаев. 10 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов өңірге жұмыс сапары кезінде Алматы облысының басшылығымен мектептер мен педагогтардың шамадан тыс жүктелу мәселесін, сондай-ақ үш ауысымды оқыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Бүгінде мұнда 1,5 млн-нан астам халық тұрады, оның 1,2 млн-нан астамы негізінен ауыл тұрғындары. Алматы облысында көші-қон мен бала туу деңгейінің жоғары болуына байланысты білім беруде жүктеме аса жоғары. Республикадағы барлық үш ауысымда оқитын мектептердің үштен бірі Алматы облысында орналасқан. Мұғалім тапшылығы бұл облыста өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 3550, ал Алматы облысында 375 мұғалімнің орны бос. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді", - деп хабарлайды Үкімет басшысының сайты.


Мұғалімдермен кездесуде қазіргі педагогтің шамадан тыс жүктемесі - тестілеу, қосымша білім беру, артта қалған оқушылармен жұмыс, жоба жұмыстары, олимпиадалар өткізу, көпшілік мұғалімнің бұған қоса сынып жетекшілігі бар екендігі жайлы мәселе көтерілді. Математика, физика, химия, биология сыныптарына қажетті құрал-жабдық жетіспейді.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, үшауысымды мектеп мәселесін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы есебінен 3 жыл ішінде шешуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, басқа да қаржыландыру көздерін іске қосқан абзал. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен мектеп санын көбейтуге болады.

Қазіргі таңда Алматы облысында 130 мың оқушыға арналған 60-тан аса жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде республикада барлығы 500-ден астам мектеп салынады, бұл 52 апатты жағдайдағы және 140 үшауысымдағы білім беру мекемесінің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді.

Тәжірибелі педагогтер Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде мұғалімдерге арналған біліктілік тестілеуінің негізсіз күрделі екенін атап өтті, осы орайда Оқу-ағарту министрлігі оның мазмұнын қайта қарайды. Дегенмен, бұл мәселеде тепе-теңдікті табу қажет, өйткені басты міндет - ауыл мектептеріндегі балалардың білім сапасын қалалық деңгейге дейін көтеру", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.


Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтудың маңызы зор. Алматы облысындағы мектептердің 1-4 сынып оқушылары 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап түскі аспен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде "Аманат" партиясының сайлауалды тұғырнамасында келесі жылдан бастап ауылдық жерлерге баратын мұғалімдердің жәрдемақылары 1,5-2 млн-нан 10 млн-ға дейін көтеріледі, сонымен қатар оларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша да көмек көрсетіледі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп жатқан жобаға сәйкес тұрғын үй құнының 50%-ын мемлекет есебінен субсидиялау жоспарланып отыр. Бағдарлама қабылданған кезде оның шарттары жас мамандардың ауылға баруына жақсы түрткі болады", - деп атап өтті вице-премьер.


Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстанда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бекітілді. Оның мақсаты орта білім беру ұйымдарындағы апатты объектілерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою болып табылады.

2022 жылы оқушы орындарының ағымдағы тапшылығы 270 мың орынды құрады, оның ішінде қала бойынша - 174 мың орын, ауыл бойынша - 96 мың орын.

Ең өткір жағдай бес өңірде байқалады: Түркістан, Алматы облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары, онда оқушы орындарының тапшылығы жалпы көрсеткіштен 59% (159 мың орын) құрайды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны