29.09.2009, 17:33 2981

Алматы облысында 11 адамның қазасына алып келген жол апатына жүк көлігі жүргізушісінің кең көлемді инфаркт алуы себеп болған - ІІМ

Алматы облысында 11 адамның қазасына алып келген жол апатына жүк көлігі жүргізушісінің кең көлемді инфаркт алуы себеп болған - ІІМ

Астана. 29 қыркүйек. Kazakhstan Today - Алматы облысында 11 адамның қазасына алып келген жол апатына жүк көлігі жүргізушісінің кең көлемді инфаркт алуы себеп болған. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов парламент сенатында өткен үкіметтік сағаттан кейін журналистерге мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Жүргізуші кең көлемді инфаркт алуы салдарынан көлік тізгінінде отырып қайтыс болған. Бұл кейін 11 адамның қазасына алып келген қорқынышты апатқа себеп болды", - деді С. Баймағанбетов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, алдын-ала мәліметке сәйкес, 11 адамның қазасына алып келген жол апатына жүк көлігінің тежегішінің істен шығуы себеп болған. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов 24 тамызда өткен брифингте мәлім етті.

"Иділет министрлігінің сот-автотехникалық сараптамасы жүк көлігінің тежеуіш жүйесі зерттеу кезінде техникалық бұзылған күйде болғанын анықтады. Көліктің аяқ және тұрақ пневматикалық жүйесінде ақау оқиғаға дейін болған",- деді Қ.Жұманов.

Оның айтуынша, алдын- ала тергеу бойынша көлік жүргізушісі ишемиялық жүрек ауруымен ауырған. "Ал өлімнің себебін - аурудан немесе алған жарақат салдарынан - оны сот-медициналық сараптама анықтайды. Сараптама әлі аяқталған жоқ",- деді Қ.Жұманов.

ІІМ өкілі хабарлағандай, "жол апатының салдарынан 11 адам қаза болды, 5 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. 16 тамызда Алматы облысының ІІД қылмыстық іс қозғады. 21 тамызда Алматы қаласының Ішкі істер департаментінде Қылмыстық кодекстің 298-бабының төртінші бөлімі бойынша (транспорт құралдарына жауапты тұлғаның техникалық бұзылған көлікті қолданысқа беруі, абайсызда екі немесе одан көп адамдардың өлімін келтіргені) қосымша қылмыстық іс қозғалды".

"Корпорация Прогресс" ЖШС-ның лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы қорытынды сот-медициналық сараптама мен қылмыстық істі тергеу нәтижесі бойынша шығарылады",- деді Қ.Жұманов.

Бұдан бұырн да хабарлағанымыздай, "ағымдағы жылдың 16 тамызында сағат 18.00-де Алатау ұлттық табиғи паркінің аймағында, "Прогресс Корпорациясы" ЖШС-на тиесілі Қытайда жасалған "HOWO" жүк көлігінің жүргізушісі, 1952 жылы дүниеге келген Сағидолла Нәжимеденов Космостанциядан Алматы қаласына қарай сайға жолға түсіп бара жатып экологиялық бекетке 200 метр қалғанда қарама қарсы бағытта жүріп келе жатқан Тайота Каролла автомашинасына соқтығысып, сонан соң аялдамаға соқтығысқан. Жол көлік оқиғасының салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі, Тайота Каролла автокөлігінің жүргізушісі және оның 3 жолаушысы, сондай-ақ аялдамада автобус күтіп тұрған 5 адам қаза болып, 6 адам әр түрлі ауырлықтағы дене жарақатын алды. Жарақат алған бір адам ауруханада көз жұмды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны