05.04.2007, 16:28 3546

Алматы прокуратурасы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлердің іс-қызметіне заңсыз араласу деректерінің бетін ашты

АЛМАТЫ. 5-сәуір. Kazakhstan Today. Алматы прокуратурасы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлердің іс-қызметіне заңсыз араласу деректерінің бетін ашты. Бұл туралы Алматы қалалық прокуроры Жақсыбек Байтүкбаев бүгін кәсіпкерлік іс-қызмет мәселелері бойынша өткен "дөңгелек үстел" барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның хабарлауынша, былтыр кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасау мен шектеуге қатысты 85 дерек, заңсыз тексеруге қатысты 8 дерек, бақылаушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзуға қатысты 20 дерек, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға қатысты 5 оқиға, шағын кәсіпкерлік субьектілерінің шағымын қарау мерзімін бұзуға қатысты 5 дерек, жергілікті атқарушы билік мекемелерінің заңсыз нормативтік құжаттар шығаруына қатысты 3 дерек анықталған.

"Ағымдағы жылдың басынан бері қалалық прокуратура органдары тексеру тағайындау жөніндегі акт жасамай немесе тіркеуге алмай заңсыз тексеруге қатысты 8 оқиғаның бетін ашқан",- деді Ж.Байтүкбаев.

Оның айтуынша, 2006-жылы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің Алматы қалалық басқармасы тексеру тағайындау туралы 20 743 акт тіркеген, оның 9972-сі шағын кәсіпкерлік саласына қатысты болса, 3960-ы - микробизнес саласына жатады.

"Дөңгелек үстелге" қатысқан кәсіпкерлердің пайымдауынша, бақылаушы мекемелер тексерулер мен рейдтердің санын азайтуға тиіс.

"Тексерулер саны мүлем азайған жоқ. Олар әлі де өте көп. Біздіңше, прокуратура тексерулерден бас тартпайтын секілді. Құқықтық статистика және тексерулерді тіркеу комитетінің жұмысына баса назар аударғымыз келеді. Бізге таныстырған осындай "оңды" статистикаға да сын көзбен қараған жөне секілді",- деді Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны