07.05.2007, 13:30 3014

Алматыда бопсалау, қарушы шабуыл және кісі өлтіру қылмыстарына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері құрықталды

АСТАНА. 7-мамыр. Kazakhstan Today. Алматыда бопсалау, қарушы шабуыл және кісі өлтіру қылмыстарына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері құрықталды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне ҚР ІІМ криминалдық полициясы комитетінен хабарлады.

Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, үстіміздегі жылдың наурыз айында Алматыдағы "Арман" базарының аумағында беймәлім қылмыскерлер базардың директоры мен оның танысына оқ атып, оқиға орнынан автокөлікпен қашып кеткен болатын. Қылмыс орнынан оперативтік қызметкерлер 9 мм-лік бірнеше гильза мен 7,62 мм-лік оқтар тапқан. "Сол күні Алматы облысының Қарасай ауданы Прямой Путь ауылында қылмыскерлер мініп қашып кеткен көліктің жүргізушісі екі оқ тиіп өліп жатқан жерінен табылды",- деп хабарлайды комитеттегілер.

Тергеу барысында белгілі болғанындай, қылмыскерлер базар директорынан 56 мың АҚШ долларын бопсалаған.

Комитеттің хабарлауынша, шұғыл іздестіру шаралары барысында Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың төрт мүшесі құрықталды. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып шықты. "Тағы бір мекен-жайдан арнаулы бөлімше қызметкерлерімен бірлескен шара барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы екі мүшесі ұсталып, олардан 9 мм-лік 7 оғы бар номері жоқ ПМ тапаншасы тәркіленді",- деп хабарлайды полиция. Олардың айтуынша, тапанша іздеуде болған.

Ұсталғандардың бұрын жасалған ауыр қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны