07.12.2009, 15:59 3027

Алматыда үш адамның өліміне себепші болған жол апатына қатысты іс бойынша полицейлердің іс-әрекеттерінің заңдылығына тексіріс жүргізіледі

Алматыда үш адамның өліміне себепші болған жол апатына қатысты іс бойынша полицейлердің іс-әрекеттерінің заңдылығына тексіріс жүргізіледі

Астана. 7 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматыда үш адамның өліміне себепші "Порше Кайен" көлігінің қатысуымен болған жол апатына қатысты іс бойынша полицейлердің іс-әрекеттерінің заңдылығына тексіріс жүргізіледі. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Ішкі істер министрі ІІМ-нің ішкі (өзіндік) қауіпсіздік департаментіне алматылық полицейлердің іс-әрекеттерінің заңдылығына тексіріс жүргізуді тапсырды",- деді Қ.Жұманов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы полициясы 19 қазанда үш адамның өліміне себепші болған жол апатын шығарған "Порше Кайен" көлігінің иесі Илібек Қайымсұлтановқа бір жарым айдан кейін іздеу жариялады, деп хабарлайды Kazakhstan Today КТК телеарнасының хабарламасына сілтеме жасап.

"Жол апатынан кейін азамат Илібек Қайымсұлтанов ізін жасырып кетті. Қазір азамат Илібек Қайымсұлтановқа қатысты тұтқындау жөніндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, оған іздеу жарияланды", - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, жол апаты 19 қазанда түнгі сағат он екі жарымда Желтоқсан даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болған.

Тәртіп сақшысының айтуынша, ішінде төрт жас адам отырған "Тойота Камри" көлігі Желтоқсан даңғылымен төмен түсіп келе жатқан. Автокөлік бағдаршамның жасыл белгісімен Қабанбай батыр көшесінен өте бергенде оның сол жағынан үлкен жылдамдықпен келіп "Порше Кайен" көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан Сымбат және Мөлдір есімді екі қыз оқиға орнында жан тапсырып, "Тойота Камри" көлігінің жүргізушісі Дәурен келесі күні ауруханада қайтыс болды. Олардың арасынан тек Сағыныш қана тірі қалды.

"Мемлекеттік нөмірі А 010 FC болып табылатын "Порше Кайен" көлігінде отырғандардан ешкім зардап шеккен жоқ. "Порше Кайен" көлігінде Ахан Арғынов және Илібек Қайымсұлтанов есімді екі жігіт болғаны белгілі", - деді ақпарат көзі.

Оның айтуынша, көліктің иесі Илібек Қайымсұлтанов, ол "Трансстроймост" АҚ бас директоры Г. Қайымсұлтановтың баласы. Анықтаушылар бүгінгі күнге дейін екі жігіттің қайсысы "Порше Кайен" көлігінің тізгінінде болғанын анықтай алмай отыр. "Бұл жол апаты бойынша тергеу жұмыстары аса құпия жағдайда өтуде", - дейді тәртіп сақшысы.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, тергеу басталған сәттен бастап Илібек Қайымсұлтанов апат кезінде өзінің тізгінде болғанын жоққа шығарып, оның "Порше Кайен" көлігінің тізгінінде сол күні өзі жалдап алған белгісіз адам болды деп мәлімдеген.

"Алайда, тергеу іс-әрекеттерінің барысында жол апатын көрген куәгерлер табылып, олар Илібек Қайымсұлтановтың жауаптарын жоққа шығарып, көлікті дәл соның өзі басқарғанын растады. Сонымен қатар жүргізілген сараптама қорытындысында Илібек Қайымсұлтановтың жол апаты кезінде мас күйінде болған кінәсі дәлелденді", - делінген Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны