14.11.2006, 16:14 2966

Алматылық тәртіп сақшылары қарақшылық шабуылды ізін суытпай әшкереледі

АЛМАТЫ. 14-қараша. Kazakhstan Today. Алматы қалалық ІІД патруль полициясы полкінің қызметкерлері түнгі уақытта жасалған қарулы шабуылдың ізін суытпай ашты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап .

Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, түнгі сағат үш мезгілінде қаладағы Жамбыл көшесі бойында полиция қызметкерлері қанға боялған адамды көріп кілт тоқтайды. Оның айтуына қарағанда, бірнеше минут бұрын досы екеуіне бір топ азамат тап беріп, ұрып-соғып, ұялы телефоны мен ақшасын тартып алғанымен қоймай, "Тойота" автокөлігін мініп кеткен. Көлік иесінің өзін қарақшылар өздерімен ала кеткенін айтқан.

Ол патрулдік топпен бірге аумақты сүзіп шығуға бірге аттанады. Абай даңғылы бойындағы бақта сақшылар аталған көлікті байқап қалады. Қарақшылардың көлік иесін ұрып соғып жатқанын көріп, полиция көмекке ұмтылады. Полиция қызметкерлерін көрген олар жан-жаққа қаша жөнелген. Алайда, екі қарақшы сол жерде қолға түскен. Үшіншісі заттай айғақтармен бірге қашып үлгереді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қашып құтылған жігіттің кім екені анықталған, енді оны ұстау уақыт еншісінде. Жеңіл пайдаға дәніккендер Алматының жоғары оқу орынының студенттері болып шықты. Олардың бұрын заң құрығына ілікпегені мәлім болды.

Бүгінде ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Полицияның мәліметіне сенсек, "жыл басынан бері Алматы полициясының қызметкерлері екі жүзден астам қарақшылық шабуылдың бетін ашқан".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны