01.12.2023, 15:33 71731

Алматы мәслихаты 2023 жылға арналған нақтыланған жергілікті бюджет жобасын қолдады

Депутаттар Алматы тұрғындары үшін және жалпы қаланы дамыту үшін маңызды бірқатар мәселелерді қарады
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс XI сессиясында депутаттар Алматының ағымдағы жылға арналған нақтыланған бюджетін бекітті, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Депутаттар Алматы тұрғындары үшін және жалпы қаланы дамыту үшін маңызды бірқатар мәселелерді қарады. Олардың ішінде - мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары шеңберіндегі мемлекеттік міндеттемелер. Қазан айында сот шешімімен сыртқы жарықтандыруды жаңғырту жөніндегі МЖӘ шарты бұзылды. Осыған байланысты қалған мемлекеттік міндеттемелерді алу үшін мәслихаттың 2018 жылғы шешіміне өзгерістер енгізу талап етіледі.

Жол қозғалысы қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесінің жобасы бойынша бағдарламалық кешендердің саны кеңейтілді. Мемлекеттік міндеттемелер көлемі артты. Бұл ретте, аталған жоба бойынша мәслихаттың 2021 жылғы шешіміне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

Халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы азаматтарды қолдау үшін Алматы әкімдігі депутаттарға Коммуналдық қызметтерге тарифтердің - 0,5 АЕК-тен (1725 теңге) 0,6 АЕК-ке (2070 теңге) дейін өсуіне байланысты өтемақы мөлшерін ұлғайту, сондай-ақ қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар ХӘОТ санаттарының тізбесін кеңейту жөніндегі шешімдерді қолдауды ұсынды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізіміне жаңа қалалық және қала маңындағы маршруттарды қосуға шешім қабылданды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Алматы қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу болды. Ағымдағы жылы экономикадағы оң динамиканың және салық түсімдерінің өсуінің арқасында теңдестірілген бюджет қалыптасты.

Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин атап өткендей, Алматы экономика өсімінің жоғары қарқынына қол жеткізді. 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласындағы өсім 18,6%, құрылыста - 1,9%, саудада - 14,5%, ал инвестициялар 4,2%-ға өсті. Экономикадағы оң динамиканың және салық түсімдерінің ұлғаюының арқасында биыл тұрақты бюджет құруға мүмкіндік туды.

Бюджеттің ағымдағы нақтылануы осы жылдың қорытындысы болды. Биыл үнемделген 24 млрд. теңге көлеміндегі қаражатты әлеуметтік маңызды жобалар мен іс-шараларға бағыттау туралы шешім қабылданды. Қаражат бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаражатты қайта бөлу және мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде үнемдеу есебінен қалыптастырылды.

Әлеуметтік салаға 6,1 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеден - 8 мемлекеттік колледжді ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ екі колледжді материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған. Тағы 1,3 млрд теңге Үлкен концерт залындағы жабдықтарды ауыстыруға және Оқушылар сарайының балалар музыка мектебіне арналған жабдықтарды сатып алуға бөлінеді. Биыл Бостандық ауданындағы "Орбита" ш/а №145 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда, оған 145,6 млн теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласына 1,2 млрд теңге қарастырылған. Ашылған сәттен бастап алғаш рет келесі медициналық мекемелер бойынша: №4 емхана (екі бөлімше), Балалар үйі, Адамның көбею орталығы, бюджеттен күрделі жөндеу жүргізуге 600 млн теңге бөлінеді. Құрылысы аяқталуға жақын "Қарасу" шағын ауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жобасына 72,9 млн теңге жоспарланған.

ТКШ саласына 3,8 млрд теңге қарастырылған. Наурызбай ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілерді жүргізуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Алматы әкімінің ұсынысы бойынша "Алматы жастары" бағдарламасын қолдау жалғасуда. Бюджеттен түрлі қызмет саласының жас қызметкерлері үшін 55 ипотекалық қарызға қосымша 965 млн теңге бөлінді.

Биылғы жылы 7 мың тұтынушыны үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін "Қайрат" ш/а электр желілерінің құрылысы аяқталуда. Бұл жоба 1,2 млрд теңге көлемінде инвестицияларды талап етеді.

Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 6,2 млрд теңге қарастырылған. Субсидиялау жүйесі арқылы әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын қолдауға 4,7 млрд теңге бөлу ұсынылады.

Ұлттық жоба аясында Алматыда кәсіпкерлікті қолдау үшін 1,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл қаражат кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және кәсіпкерлердің дамуы мен тұрақты табысына ықпал ететін жаңа бизнес-идеялар үшін инновациялық гранттар беруге бағытталатын болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны