19.07.2019, 21:38 11509

Асқар Мамин Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді

Құрылыс жұмыстары 126 жекеменшік үйде және 1 көпқабатты үйде жүргізілуде. 66 әлеуметтік нысаннан 62-сінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, жаңа құрылыс 4 нысанда жүріп жатыр.

Нұр-Сұлтан.19 шілде. Kazakhstan Today - АСҚАР МАМИН АРЫС ҚАЛАСЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫН ТЕКСЕРДІ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.

Қазір Арыс қаласында 1544 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған, 7089 жеке тұрғын үйде және 96 көпқабатты үйде қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың 4683 үйлерінде жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстары 126 жекеменшік үйде және 1 көпқабатты үйде жүргізілуде. 66 әлеуметтік нысаннан 62-сінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, жаңа құрылыс 4 нысанда жүріп жатыр.

Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарына 207 компания, 7073 жұмыскер, 265 арнайы техника тартылған.

ҚР Үкіметінің басшысы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстарға барлық өңірлер, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқанын атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру нысандарын дайындау бойынша кешенді шаралар қабылдау тапсырды.

Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында Асқар Мамин салынып жатқан тарихи-мәдени орталық аумағында ҚР Премьер-Министрі "Ұлы дала Елі" орталығын, Қ. А. Яссауи музейін салу бойынша жұмыстардың барысымен. Сонымен қатар Асқар Мамин Ұлы Жібек жолының қолөнершілерінің Ұлттық орталығы ғимаратын, келу орталығын реконструкциялау, Шығыс моншасының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың салыну барысын көрді.

ҚР Премьер-Министрі әкімшілік, әлеуметтік, мәдени-тарихи мақсатта салынып жатқан нысандарды көрді, жергілікті стадион, оқушылар сарайы, әкімдік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, медиа орталық, конгресс-холл ғимараты, "Нұр-Сұлтан" алаңы, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, музыка мектебі, бассейні бар оқушылар сарайы, аттракциондары бар қалалық саябақ, неке сарайы, Қазақ драма театры ғимараты, музыкалық фонтан мен амфитеатр салынып жатқан құрылыс алаңдарында болды.

Асқар Мамин Түркістан қаласында Тұңғыш Президенті паркінің абаттандырылу, облыс орталығының орталық бөлігінің реконструкциялану және Арбаттың салыну барысын көрді, сондай-ақ Түркістандағы Ескі археологиялық паркінің жобасымен танысты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

АРЫСТА ЕШҚАНДАЙ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІП ЖОҚ

Арыс қаласы тұрғындарының тынысы тарылып, белгісіз індеттен көз жұмып жатыр деген ақпарат жалған. Шаһарда орын алған апаттан кейін шығып жатқан мұндай дәлелсіз ақпарларға ермеуге шақырамыз. Осы орайда әлеуметтік желілер мен дәлелсіз жалған ақпарат тарқатқан кейбір БАҚ-тағы мәліметтердің шындыққа еш жанаспайтынын жеткіземіз. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов Арыс қаласы әкімдігінде өткен брифингте мәлімдеді.

Түркістан облысының дәрігерлері Арыс қаласы тұрғындарының денсаулығын тексеру үшін аула аралау жұмыстарын жүргізуде. Халық арасында кенеттен келген кеселге кезіккені анықталмаған. Арыс қаласында орналасқан 17 сектор бойынша 24 маусымнан бастап дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп келеді. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен арнайы медициналық штаб үздіксіз жұмыс атқаруда.

Ағымдағы жылдың 28 маусымы мен 18 шілде күндері аралығында Арыс қаласында 18 мыңнан астам жеке және көпқаббатты тұрғын үйлердің, 441 мекеменің аулалары тексерілген.

"Тексерулер нәтижесінде тұрғындар мен сауда орындарынан 11 мың келіге жуық азық-түлік тәркіленді. Қаладағы барлық қоқыс орындары, әжетханалар залалсыздандырылды. Жалпы 50-дей үй жануарының өлекселері шығарылды. Аумақтарды тексеру, дәрілеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының мамандары жұмыс істеуде. Жалпы қаланың эпидемиологиялық жағдайы толық бақылауда", - деді Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.

Арыс қалалық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай, науқастарға Арыс қалалық емханасы мен Облыстық клиникалық ауруханасында және Ордабасы аудандық орталық ауруханасында медициналық көмек толық, жан-жақты көрсетіліп жатыр. Арыстықтарға алаңдауға еш себеп жоқ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖӘРМЕҢКЕДЕ 150 ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ ҰСЫНЫЛДЫ

Бүгін Арыс қаласында облыс тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген жәрмеңкеде өнімдер нарықтағы бағадан 30 пайыз арзанға сатылды.

Жәрмеңкеде 150 тоннадан астам өнім жұртшылыққа ұсынылды. Өнімдердің жалпы құны 65 миллионға жуық теңгені құрайды. Барлық аудан, қалалардың даму басымдықтарына сай жинақталып, ұсынылған өнімдерге арыстықтар ризашылығын білдірді.

Мәселен, ет және ет өнімдерінің жалпы көлемі 47,6 тоннаны құраса, 41 тонна көкөніс те сатылымға шықты. 8,4 тонна сүт өнімі, 28 тонна бақша өнімі де лезде сатылып кетті. Сонымен бірге 7,5 тонна жеміс-жидек, 3 тонна балық, 14 тонна өзге де тауарлар Арыстағы жәрмеңкеге жеткізілді.

Арыс қаласын қалпына келтіру және тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатында өткен кезекті жәрмеңкеде Созақ ауданының мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетіп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БРИГАДАЛАРЫ АЙ СОҢЫНА ДЕЙІН АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРЫН АЯҚТАЙДЫ

Бүгінгі күнге 145 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, 102 үй қалпына келтірілуде және 6 үйдің жөндеу жұмыстары басталды.

Арыс қаласында орналасқан тұрғын үйлердің Қызылорда облысына тиесілі №6 аумақта 14 көше барлығы 254 жеке тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 коммерциялық нысан орналасқан.

"Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары аймақтар арасында 17 секторға бөлінген, №6 учаске Қызылорда облысына бекітілген - мұнда 254 жеке тұрғын үй, олардың бірі толық қалпына келтіруді талап етеді және 15 нысан орналасқан. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге біздің облыстың 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған, барлығы 186 адам жұмыс істеуде. Шілде айының соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласында Сыр өңіріне бөлінген нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысып қайтқан еді.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 9-18 тамыз аралығында Арыс қаласынан 150 бала Қызылорда облыстық білім басқармасының "Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында" тегін демалады. Балалар үшін психологиялық тренингтер, тауға экскурсиялар, түрлі үйірмелер ұйымдастырылады.

2800 астам мемлекеттік қызметші, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен меценаттар қаржылай көмегін көрсетті.

Мәселен, "Аралтұз" АҚ Арыс қаласының тұрғындарына өз қаражаты есебінен бір күндік жалақы қорынан материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, зауыттың 500-ден астам қызметкері "Аралтұз" АҚ басшылығының бастамасына қолдау білдірді және зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету үшін бір күндік табысын қосымша қорға аударды.

"Біздің кәсіпорын да әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, барлық қазақстандықтар үшін қиын кезеңде отандастарымызға қолдау көрсетуді жөн санайды", - деді "Аралтұз" АҚ президенті Айдынбек Тауасаров.

Ө. ШӨКЕЕВ АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫНА ҚАТЫСТЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы Бөржар елдімекеніндегі "Мақта компаниясы" ЖШС-на барды. Онда жалпы облыстағы егіс көлемімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, шаруалармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, облыс басшысы егіс алқабына шығып, комбайн жүргізіп, бидай орды.

Қазіргі таңда облыстағы бидай алқабының 44 пайызы орылған. Яғни, 94 мың гектардан 183 мың тонна астық жиналып отыр. Жалпы 218 мың гектардың әр гектарынан 21 центнерден өнім алғанда 463 мың тонна бидай алу жоспарлануда. Астық оруға қолда бар 1012 дана астық комбайндардың 90-95% дайындалып, жинау жұмыстарына кіріскен.

Астық жинау жұмыстарымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарынан бүгінгі таңға 211,4 мың тонна картоп, 553,3 мың тонна көкөніс, 592,4 мың тонна бақша дақылдары жиналып, ішкі сұраныстан басқа Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен басқа облыстарға және шетелге экспортталуда. Жыл соңына дейін 2,7 млн. тонна картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жоспарланып отыр.

Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерін мәлімдеді.

"Түркістан облысында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 823 мың гектарға егілді. Бұл 2018 жылдан 9,8 мың гектарға артық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға сәйкес арпа - 1,8 мың гектарға артып, 40 мың га, дәндік жүгері - 2,2 мың гектарға артып, 46 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары - 5,9 мың гектарға артып, 119,8 мың га, мал азықтық 15,9 мың гектарға артып, 205,8 мың гектарды құрап отыр. Ал бидайдың егіс көлемі биыл 218 мың гектарға жетсе, майлы дақылдар - 96,8 мың га, мақта - 129 мың га егілді. Алдын ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 218,6 мың га масақты дақылдардың әр гектарынан орташа 21,2 центнерден жалпы 462 мың тонна өнім алу күтілуде", - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы сала басшыларына жаз мезгілінде ағын су мәселесін қадағалап, шаруалардың жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашығы өнімдерін экспорттау көлемін ұдайы арттырып отыруды жүктеді.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ТАПСЫРМАЛАРЫ ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысында 2019 жылдың жарты жылдығына өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,1%-ға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4,7%-ға артты. Жалпы өңірлік өнім өсімі 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда +4,8%-ды құрады. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі шағын орта бизнес субъектілерінің саны 138 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейін 2-орында тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 133,7 млрд. теңгені құрап, 39,6%-ға артты. Бұған Түркістан қаласының құрылысы әсер етіп отыр.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 70,8 млрд. теңгеге 207 жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 9,1 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұр.

Өңір басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген 9 бағытқа негізделген тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Сол тапсырмаларды сапалы орындау үшін 5 орынбасары мен аппарат басшысын жауапты етіп бекітіп, әрқайсысына міндеттер жүктеді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, ел табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, елді баспанамен қамту, білім беру, медицина, өңірлерді өркендету және өзге де мәселелер жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Біз инвестиция көлемін ағымдағы жылы 20 пайызға арттыруымыз қажет. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында, жиһаз, тамақ, тоқыма салалары бойынша іске асырылатын жобаларды көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын боламыз. Ауыл шаруашылығы жер телімдеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды, бюджет қаржысын қадағалауды, мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын. Жалпы, әрбір тапсырманың орындалуы бойынша қадамдық жол картасы әзірленіп, тапсырманың орындалу мерзімі, атқарушы органдар мен олардың жауапты мамандары бекітілетін болады. Бұл тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылауда ұстаймын", - деді Ө.Шөкеев.

Сессияда кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасов пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев Арыстағы жағдай тұрақтанғанын айтып, өңір басшысының ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмысына оң баға берді.

Түркістан облысы бойынша "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров кәсіпкерлікті қолдау мәселесін қозғаса, "Алтын алқа" иегері, білікті ұстаз Майра Исраилова Президентіміздің ұстаздар мәртебесін көтеру жөніндегі бастамаларына ризашылығын білдірді. Студенттік құрылыс жасағының белсендісі Ернар Құдайберген Түркістанды түлетуге жастар да дайын екенін жеткізді.

Сессияға қатысушылар облыс басшысының жұмысына оң бағаларын беріп, Түркістанды түлету бағытындағы жұмыстардың талапқа сай атқарылатынына сенім білдірді.

ТҮРКІСТАН: ДИРЕКТОРЛАР КАБИНЕТТЕРІН ТӨМЕНГІ ҚАБАТҚА КӨШІРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында барлығы 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов филиал тарапынан 2019 жылғы 1- жартыжылдық есебі туралы толығырақ баяндама жасады.

Соңғы алты айда департамент тарапынан 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқықбұзушылық анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп, 20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Нәтижесінде 231 300 теңге айыппұл өндірілді.

"Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра құзырлы мекемелерге хабарламаған 1 басшы қызметінен босатылды.

Мансаптық жоғарлату ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сөйтіп мансаптық өсу көрсеткіші 67,2 пайыз құраған", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ. Тұрсынбаев.

Былтырдан бастап тестілеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Тестілеуге 914 адам қатысты. Оның 32 пайызы оң нәтижесін алды.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 300 мыңнан астам адамды қамтыған 1700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында 110 түсіндіру жұмысы жүргізілген. Ал "Түркістан - адалдық алаңы" жобасы аясында - 700 -ден астам шаралар атқарылды.

Сонымен қатар Түркістанда "Түркістан - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Алты ай қорытындысы бойынша жобалық кеңсемен 438 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алды. Өңірдегі жоғары қабатта отырған 316 мектеп директорының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1 қабатқа орналастырылды. Сонымен қоса, 8000-нан астам ауыл тұрғындарына "Ашық Түркістан" жобасы аясында құқықтық, заңнамалық көмектер көрсетіліп, 40 ауылдық әкімдіктерде барлық тұрғындарға қол жетімді тегін WI-FI, стационарлы тегін телефон, компьютер және принтерлер қойылды. Бұл жоба аясында қоғам арасында адалдық, парасаттылық негіздерін қалыптастыру мақсатында облысымызда соңғы 6 ай ішінде жоблаық кеңсе бастамасымен, 818 "адалдық дүкені" ашылды.

"Биыл Түркістанда жұмысын бастаған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, қайта даярлауды жүзеге асыруда. Академия филиалы Түркістан облысы әкімдігі мен агенттік департаментінің қолдауымен бірінші жартыжылдықта 5 қайта даярлау курсы мен 20 біліктілігін арттыру семинарында 646 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Филиалда биыл 1092 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған. Бұған қоса, жоспардан тыс, ақысыз 10 семинарда - 279, жалпы, 923 адам оқытылды", - деді Ж. Байжомартұлы.

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА "МЕКТЕПКЕ ЖОЛ" АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 3 шілдесі мен 30 қыркүйек аралығында өтетін жыл сайынғы "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова мәлімдеді.

2019-2020 оқу жылында көмекке мұқтаж отбасынан шыққан балаларды әлеуметтік көмекпен қамту мақсатында "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы биыл шілде айынан басталып отыр. Акция қыркүйек айының соңында аяқталады.

"Акцияның мақсаты - аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету. Өткен 2018-2019 оқу жылында акция барысында облыс бойынша 25509 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жалпы 201 млн. 456 мың 101 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Соның ішінде 3807 балаға бюджет қаражаты есебінен - 483 251 теңгеге, қалған 21702 балаға бюджеттен тыс демеушілер қаражаты есебінен - 200 млн. 972 мың 850 теңгеге материалдық көмек көрсетілген", - деді А. Садықова. Айта кетейк, Акцияны жоғары деңгейде өткізу мақсатында іс-шара жоспары түзіліп, жүйелі жұмыстар атқарылады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ - "ТУҒАН ЖЕР" ЖОБАСЫ БОЙЫНША ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысы "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша елімізде көшбасшылардың бірі саналады. Бүгінде облыстың түкпір-түкпірінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" арнайы жобасы аясында әлеуметтік нысандар, спорт алаңдары мен өзге де пайдалы ғимараттар салынып жатыр. Биылдың өзінде облыста сәуір айынан бері демеушілер есебінен 19 нысан ел игілігіне тапсырылды.

Сонымен бірге 12 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енді. Мәселен, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында балалар ойын алаңшасы салынса, Қызылкөлдің мәдениет клубына сахна орнатылған. Сондай-ақ осы ауданда ат ойындарына арналған атшабар ашылған.

Бәйдібек ауданында құны 4 млн. теңгеге жуық "Жастар аллеясы" бой көтерсе, Түркістан қаласында "Ертегілер әлемі" атты үлкен балабақша салынды. Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілген.

Өңірде "Туған жер" жобасының бір тармағы ретінде "Алтын ұям" жобасы да жүзеге асып жатыр. Жобаның мақсаты - мектеп түлектерінің 10, 20, 30 жылдық мерейтойларын қайырымды іспен өрнектеу. Яғни, түлектер орынсыз салтанат пен өзге де іс-шаралардан бас тартып, өзі туып-өскен ауылға немесе білім алған мектебіне демеушілік жасайды.

Биыл Түркістан қаласындағы "Бекзат" шағынауданының 1999 жылы мектеп біріген түлектері бір отбасыға баспана салып берді. Сонымен бірге Бәйдібек ауданында 1982 жылы туған азаматтар аз қамтамасыз етілген отбасыға үй әперді. Шардара, Түлкібас, Төлеби аудандарының түлектері де көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға пәтер сыйлап, сауапқа кенелді.

"Туған жер" жобасы бойынша 2017 жылы құны 6 млрд. теңгеден астам қаражатқа 473 жоба жүзеге асырылған. Ал 2018 жылы демеушілер тарапынан құны 3 млрд. 386 млн. теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылған болатын. Аяқталған 97 нысанның - 28 білім мекемелерінің құрылысы және 3-і қайта жөндеу, 2-еуі медицина мекемесі құрылысы, 12-сі спорт нысандарының жаңа құрылысы және 2-еуі спорт алаңынқайта жөндеу. Сонымен бірге 15мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, 5 нысан қайта жөндеуден өткен. Абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылды.

Қазіргі таңда да облыс аумағында осындай игі істер жалғасып жатыр.

ТҮРКІСТАНДА ДА, АРЫСТА ДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының сессиясында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы көрсеткіштер жөнінде баяндаған ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша нақты жұмыстар қолға алынатынын айтты. Президент бақылауында тұрған Түркістан мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына тоқталды.

Жалпы өңірде құрылыс өте қарқынды. 52,2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 116 %-ды құрады. 6 айдың қорытындысымен 298,2 мың ш.м. тұрғын үй (2537 пәтер) пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 47,4%-ға артты.

"Биыл әкімшілік-іскерлік орталықтағы 16 нысанның 7-еуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Олар: облыс әкімдігінің ғимараты, медиа орталық, "Нұр-Сұлтан" алаңы, қалалық саябақ, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі. Рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі, яғни, амфитеатр, әуенді су бұрқақ, шығыс моншасы және неке сарайы жыл соңына дейін тапсырылады деген сенім бар", - деген өңір басшысы Арысты қалпына келтіру мәселесі да басты назарда екенін айтты.

Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, атқарылып жатыр. Әрбір секторға республикалық маңызы бар қала мен облыстарды бекітіп, оған қоса облыстың аудан, қала әкімдеріне жүктелген.

Арыста 7 мыңнан астам жеке, 104 көпқабатты тұрғын үйлерді, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды жөндеу қажет. Қайта салынатындары да бар.

Бүгінде 5 646 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтіріліп, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп аяқталды.

Қалпына келтіру жұмыстарына 200-ге жуық құрылыс компаниясы мен жұмысшылар тартылған.

Арыстық 4000 оқушыны және екі мыңдай ардагерді демалыспен қамту, тұрғындарға 100 мың теңге өтемақы беруге құжат жинау жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатыр.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов, облыс әкімдігінің мүшелері, басшылар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

АРЫСТАҒЫ МАЛ ҚОРЫМЫНДА ЕШ ҚАУІП ЖОҚ

Арыс қаласы аймағында орналасқан мал қорымдарында Сібір жарасына қатысты ешбір қауіп анықталмаған. Арыс қаласында 2 қорым бар. Бірі - Дермене, екіншісі - Қожатоғай ауыл округі аймағында орналасқан. Екеуі де сала мамандарының қатаң бақылауында. Бүгін бұл туралы Арыс қалалық аумақтық инспекция басшысы Өмірқұл Омаров қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен брифингте мәлімдеді.

"Қазіргі таңда мал қорымдары зақымданбаған. Барлық талаптарға сай сақтаулы. Олар үнемі ветеринария қызметкерлерінің қадағалауында. Қорымдарға жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Сол аумақтағы топырақтан ұдайы сынақ алынып отырады. Барлық зерттеулердің нәтижесі бойынша ешбір қауіп анықталмаған. Жалпы бүгінге дейін қорымдардан сібір жарасына қатысты ешқандай мәлімет тіркелмеген", - деді Өмірқұл Омаров.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: Ө.ШӨКЕЕВ ҚАЛАНЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖЕДЕЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша жиын өткізді. Жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі, қаладағы 17 секторға жауапты облыс, аудан өкілдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында қаладағы қарқынды құрылыс жұмыстарының барысы баяндалып, жұмысты жеделдету бойынша ұсыныстар айтылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев әрбір секторға жауапты облыстардың жұмысына тоқталып, жұмыс барысында туындаған мәселелердің шешіліп жатқандығын жеткізді. Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тартылған белсенділердің тұрақты жұмыс атқарып жатқандығын баяндады. Облыс әкімі қала тұрғындарының талап-тілектерін назардан тыс қалдырмай, жұмысты одан әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Түркістан облыстық полиция басқармасы басшысының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев қала тыныштығын қамтамасыз ету жұмыстарының күшейгенін, құқықбұзушылықтарды алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқандығын айтты.

Жиын соңында Өмірзақ Естайұлы қала тұрғындарының хал-ахуалын үнемі бақылауда ұстап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді алу барысын, құрылыс жұмыстарын жеделдетуді жүктеді.

АРЫС: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ҚАРАСТЫ СЕКТОРДА 355 ҮЙДІҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БІТУГЕ ТАЯУ

Түркістан облысы жауапты болып бекітілген 7 секторда 470 үй тіркелген. Оның 7-еуі 68 пәтерден тұратын көпқабатты үйлер. Мұнда жарылыс салдарынан зақымданған 415 үй жөндеу жұмыстарын қажет етсе, 54 үй жарамсыз деп табылып, толығымен қайта салынатын болды. Қазіргі таңда 355 үйдің жөндеу жұмыстары, 20 үйдің толықтай құрылысы қарқынды түрде жүруде. Бүгінгі күнге дейін 20 үйге жөндеу жұмыстары жасалып, тапсырылды. Аталмыш сектордағы үйлердің құрылыс жұмыстарына 23 мердігер компания тартылып, 367 құрылысшы, 69 техника жұмылдырылған. Сектор жауаптылары құрылыстың ойдағыдай жүріп жатқандығын және зақымдалған, жарамсыз күйге түскен барлық үйлердің қайта салыну жұмыстары белгіленген уақытта аяқталатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ СЕКТОРДА 50 ҮЙ ЖӨНДЕЛДІ

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы келді. Ол Жамбыл облысы жауапты болып бекітілген 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру барысын көзбен көріп, 11 көшенің белсенді тұрғындармен кездесті. Асқар Исабекұлы штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару керектігін айтты. Өз кезегінде 3-сектор аумағындағы арыстық тұрғындар әулеиаталық құрылысшылардың жұмысына көңілдері толатындарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.

Бүгінде Жамбыл облысына тиесілі 3-сектордағы 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толық аяқталды.

Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде.

Қазіргі таңда Арыстың 300-ден астам оқушысы Жамбыл облысындағы демалыс орындарында тынығып жатыр. Көрші облыстан гуманитарлық көмек те жеткізілген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны