13.02.2007, 18:32 3040

Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға көмектесуге уәде берген екі алаяқтар тобы құрықталды

АСТАНА. 13-ақпан. Kazakhstan Today. Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға көмектесуге уәде берген екі алаяқтар тобы құрықталды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің Астана қалалық департаментінің төрағасы Абзал Кәрімов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, өзін қалалық тұрғын үй департаментінің қызметкерімін деп таныстырып, белгілі сомаға мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасының аясында салынған пәтер алу мәселесі бойынша көмек көрсетуге уәдені үйіп -төгіп келген әйел құрықталды.

"Ұсталған әйелді тергеу барысында белгілі болғанындай, өткен жылдың қазан айынан осы жылдың 20-қаңтары аралығында оның жалпы көлемі 120 мың АҚШ долларына осындай 11 келісім-шартын рәсімдеген", деді А.Кәрімов. Сонымен бірге заңсыз тапқан қаржының бір бөлігін әйелдің тұрғын үй департаментінің құрылымдық бөлімшесінің қызметкеріне бергені анықталды.

Сонымен қатар тағы да осындай схема бойынша жұмыс істеген тағы бір топтың іс-әрекеттері әшкереленді. "Алдын-ала ымыраласып алған екі азамат мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасының аясында салынған пәтер алуға көмек көрсете алатындай мүмкіндігі туралы Астана тұрғындарын адастырып келген. Бұл "қызметін" олар 7-10 мың АҚШ долларына бағалапты",- деді қаланың бас қаржы полицейі. Департаменттің жорамалына сәйкес, 2006-жылдың шілдесі мен 2007-жылдың қаңтар айлары аралығында бұл топ заңсыз жолмен 450 мың АҚШ долларын иемденіп алған.

Қаржы полициясындағылардың жорамалына сәйкес, екі жағдайда да азаматтар шеккен шығынның көлемі аталған сомадан "бір миллион долларға жуық" көлемде артық. "Күдіктілермен келісім-шартына отырмай, оларға сеніп қалғандар да бар",- деді А.Кәрімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны