Система Orphus

Астаналық полицейлер 10 миллион доллар жымқырған алаяқты қолға түсірді - ІІД

30.09.2008, 17:32 1197

Астана. 30 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Астаналық тәртіп сақшылары қаладағы кәсіпкерлерді арбау арқылы өте ірі көлемде қаржы жымқырған алаяқты ұстады. Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды Қазақстан Бүгін тілшісі.

Ж.Битеновтың айтуынша, қолға түскен алаяқтың арбауына түскендер қатардағы азаматтар емес, кәсіпкерлер немесе әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар болған. Алдымен сәнді, өзіне жарасымды киім киген, бет-әлпеті мен сөйлеген сөздері адамға сенім ұялататын алаяқ алдымен белгілі бір кәсіпкер немесе қалталы азаматты нысанаға алып, онымен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Бұдан соң әлгі қалталы азаматтың немесе кәсіпкердің сеніміне кірген жылпос олардан уақытша әрі ірі көлемде қаржы сұрайды. "Қарызға алған ақшасын үлкен үстемемен қайтарамын деген уәдемен іскер азаматтардың барлығын "сазға отырғызған". Сөзінің дәлелді болуы үшін ақшаға ұқсас қағаздар толтырылған, арнайы мөр басылған инкассаторларға арналған сөмке алып жүреді. Бұл сөмкені ол банктен ірі көлемде қаржы алғандығын, алайда оның мөрін тиісті уақыты жеткенше бұзуға болмайтындығын айтып, қарызға ақша алған азаматтарына тастап кетіп отырған. Ал олар өз кезегінде қарыз беруі тиіс адамдары уақытында келмеген соң сөмкенің мөрін бұзып, қоржында қаржы емес жай қағаз екендігін көрген соң барып, мәселенің мән-жайына көз жеткізе бастайды", деді департамент бастығының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, тәртіп сақшыларының қолына түскенше, осындай тәсілге негізделген өзінің жымысқы ойларын 10 рет жүзеге асырған. Ал "олжалаған қаржының" көлемі 10 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Алаяқ бұл әрекеттерін жүзеге асыру барысында елордада бір қымбат пәтерді жалдап тұрған. Алғашқыда тиісті қаржысын толығымен төлеп, үй иесінің сеніміне кірген ол ақшасы біткен соң пәтердегі қымбат мүліктің бәрін жымқырып, ізім-ғайым жоғалып кететін болған.

Тәртіп сақшылары қазір аталған азаматқа "алаяқтық жасап, ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айып тағып отыр. Бұл қылмыстар бойынша оны 3 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны