02.07.2007, 12:56 2577

"Ауыл жолдары" шұғыл алдын алу шарасы барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған 2 мыңдай жүргізуші көлік жүргізу құқықтарынан айрылды

АСТАНА. 2-шілде. Kazakhstan Today. "Ауыл жолдары" шұғыл алдын алу шарасы барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға байланысты 3507 материал сотқа жолданып, 1911 жүргізуші (54,5%) көлік жүргізу құқықтарынан айрылды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет ақпаратына сәйкес, күн сайын жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 6,2 мыңдай оқиға анықталса, оның 53,5%-і жол қозғалысын өрескел бұзуға жатады. "Шара барысында қозғалыс ережелерін бұзуға қатысты 31,3 мың оқиға, соның ішінде көлікті мас күйінде жүргізуге қатысты 2370 оқиға, жылдамдықтты арттыруға қатысты 6550 дерек, аудан және ауылдық әкімшіліктерге қарасты көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына қатысты 218 оқиға анықталған", - деп хабарлайды полиция.

Сонымен бірге комитеттегілердің хабарлауынша, "ішкі істер органы қызметкерлерінің көлікті тоқтату жөніндегі талабына бағынбауға байланысты 156 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды". "Жол қозғалысы ережелерін бұзған 3498 көлік айыппұл тұрақтарына жіберілді", - деп қосты мекемедегілер.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе жолаушыларды тасымалдаушы көліктердің жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне баса назар аударылды. Жолаушыларды тасымалдаушы автокөліктердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы бойынша 2093 оқиға әшкереленді.

Сонымен бірге шара барысында 76 729 көлік құралы тексеріліп, көші-қон заңын бұзуға қатысты 1070 заң бұзушылық оқиғалары әшкереленіп, 524 шетел азаматы ұсталды. "Барлығы 391 қылмыс, соның ішінде есірткілік заттардың заңсыз айналымына қатысты 49 дерек, қару сақтау, тасымалдау және пайдалану ережелерін бұзуға қатысты 24 оқиға анықталды", - дейді комитеттегілер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны