20.12.2021, 17:57 75856

Қазақстан ИЫҰ СІМК төтенше отырысында Ауғанстанға көмек көрсету үшін бірқатар ұсыныстар жасады

Нұрышев Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру бойынша халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне қосқан үлесін атап өтті.
Қазақстан ИЫҰ СІМК төтенше отырысында Ауғанстанға көмек көрсету үшін бірқатар ұсыныстар жасады
ИСЛАМАБАД. 20 ЖЕЛТОҚСАН - Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай жөніндегі төтенше отырысына қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Өз сөзінде Ш. Нұрышев Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру және осы елдегі гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне қосқан үлесін атап өтті. Осыған байланысты ол Ауғанстанға көмек көрсету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдалануды күшейту, ИЫҰ елдерінің ауған студенттерін Қазақстанда оқыту жөнінде ынтымақтастығы, "Qazvac" қазақстандық вакцинасын және АХҚО-ны Ислам даму банкі тарапынан құрылатын Гуманитарлық траст қорымен ынтымақтастық үшін пайдалану бойынша бірқатар ұсыныстарды жасады", - деп хабарлады ҚР СІМ.

 
Іс-шара мұсылман елдерінің ауған халқымен ниеттестігін және жағдайдың нашарлауының алдын алу бойынша белсенді іс-қимыл жасауға ұмтылысын көрсетті. Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Имран Хан ИЫҰ СІМК қатысушыларын мәлімдемелерді Ауғанстанға көмек көрсетуге қатысты нақты іс-қимылдарға айналдыруға шақырды.
 
Елдегі гуманитарлық жағдаймен танысу үшін арнайы шақырылған Ауғанстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Амир Хан Муттаки қатысушыларды жаңа билік барлық тұрғындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететініне және ИЫҰ мен халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде терроризм мен есірткі трафигіне қарсы күрес саласындағы талаптары мен үміттерін қанағаттандыру үшін қажетті шаралар қабылдайтынына сендірді. Сонымен қатар, ол гуманитарлық көмек пен азаматтарға төлемдер үшін қаржыландыруды қамтамасыз етудің шұғыл қажеттілігіне назар аударды.
 
Отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының қамқорлығымен Ауғанстанның азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын қалыптастыру туралы шешім болды.
 
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдап, онда Ауғанстанға одан әрі гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді, сондай-ақ ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Тариг Али Бахитті Ұйымның Бас хатшысының Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі ретінде тағайындау туралы шешімді бекітті.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны