29.08.2021, 21:04 12631

Қазақстан Президентінің атына көңіл айту жеделхаттары келіп түсуде

Жеделхаттарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірген. Сонымен қатар, жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеген.
НҰР-СҰЛТАН. 29 ТАМЫЗ - Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан көп адамның қаза болуына әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты шет мемлекеттердің, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың басшыларынан көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтан, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан, Армения Президенті Армен Саркисяннан жеделхат келді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов жеделхат жолдады.
 
Жеделхаттарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірген. Сонымен қатар, жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеген.
 
Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп жатыр, деп қосты Ақорданың баспасөз қызметі.
 
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт шығып, 10-нан астам инженерлік оқ-дәрілер жарылды. Нәтижесінде жалпы саны 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алды. 
 
 
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің өкімімен 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған өрт пен жарылыстың салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны