29.08.2021, 19:18 7736

Үкіметтік комиссия Байзақ ауданындағы оқиға орнына барды

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда, үкіметтік сараптамалық топ жұмыс жасауда.
ТАРАЗ. 29 ТАМЫЗ - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия оқиға орнына барды, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған, құрамында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері бар комиссия зардап шеккен нысандарымен танысып, мән-жайға қанықты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
 
Сонымен қатар делегация өрт салдарын жою жөніндегі жұмыстардың барысымен танысып, жараланған әскерилермен және өрт сөндірушілермен, жергілікті тұрғындармен кездесті. Вице-премьер жедел штаб отырысына қатысып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
 
Айта кетейік, аталған комиссия алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылған болатын.
 
Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда, үкіметтік сараптамалық топ жұмыс жасауда. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.
 
Бірінші кезекте тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандар қалпына келтіріледі. Оқиғаның себебін жедел тергеу тобы анықтайтын болады.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт шығып, 10-нан астам инженерлік оқ-дәрілер жарылды. ТЖ салдарынан қаза болғандар саны 12 адамға жетті.
 
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің өкімімен 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған өрт пен жарылыстың салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны