02.02.2022, 18:37 40821

Қазақстанда банкроттық туралы заң жобасы әзірленді

Қазақстанда банкроттық туралы заң жобасы әзірленді
НҰР-СҰЛТАН. 2 АҚПАН - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ашық НҚА сайтына сілтеме жасап.
 
Атап айтқанда, Азаматтық кодекске "Азаматтың банкроттығы" бабы енгізіледі.
 

Кредитордың (кредиторлардың) талаптарын қанағаттандыруға қабілетсіз болған кезде азаматқа Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімі қолданылады", - делінген заң жобасында.

 
Осы баптың күші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғаларға қолданылмайды, деп құжаттың мәтінінде атап көрсетілген.
 
Заңнамада белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктерге және микроқаржы ұйымдарына "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен соттан тыс банкроттықтың рәсімінің аяқталғаны және сот банкроттығы рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл ішінде жеке тұлғаға қарыз беруге тыйым салынады.
 
Заң жобасы, сондай-ақ, "Неке және отбасы туралы" кодекске ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу бөлігінде өзгерістер енгізеді.
 

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген не "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен ерлі-зайыптылардың біреуінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімі шеңберінде мүліктен өндіріп алған жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн", - делінген құжатта.

 
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі, оған сәйкес, мүлiктi немесе мүлiктiк мiндеттемелердi, мүлiк, оның мөлшерi, тұрған жерi туралы мәлiметтердi не мүлiк туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлiктi өзгенiң иелiгiне беру, мүлiктi иелiктен шығару немесе жою, сол сияқты бухгалтерлiк және (немесе) есептік құжаттаманы не экономикалық қызметті көрсететін өзге де құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау, егер бұл әрекеттердi дара кәсіпкер, құрылтайшы (қатысушы), коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адам, лауазымды адам, сол сияқты уақытша, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің оңалту және банкроттығы кезінде жасаса және бұл әрекеттер iрi залал келтiрсе, - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Заң жобасының толық мәтінімен мына жерде танысуға болады. 
 
Құжат 2022 жылдың 16 ақпанына дейін көпшілікке қол жетімді.
 
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте Үкіметке жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң әзірлеуді тапсырған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны