Қазақстандағы Цифрландыру және ЖИ жылы: Үкіметте экономиканың барлық саласына технологияларды енгізу мәселесі қаралды
Сурет: Depositphotos
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының экономиканың барлық саласына цифрлық шешімдерді енгізу туралы тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде, сондай-ақ биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына орай цифрландыру мен ЖИ-ді дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Олжас Бектенов Президенттің 2026 жылды Цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялауы Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарын айқындайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.
Біздің басты мақсатымыз - экономиканың барлық салаларына серпінді технологияларды енгізу.
Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс", - деп атап өтті Премьер-министр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2606 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. 2026 жылы тағы 1900-ін қосу жоспарлануда. Бұл ретте 5G байланысы 20 ірі қалада қолжетімді, 4G желісі 3 115 ауылды қамтиды. 2026 жылы тағы 836 ауылды 4G-ге қосу жоспарлануда.
2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі
Президенттің азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл ел халқының 99%-ын сапалы байланыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі үйлерге оптика желісін жеткізу бойынша "соңғы миль" жобасы жүзеге асырылуда.
Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі", - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Қазақстанның 20 қаласында 5G желісін қамту 75%-ға дейін кеңейтіледі
Бесінші буынның ұялы байланысын дамыту цифрлық трансформацияның басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады.
Бүгінгі таңда 5G желісі еліміздің 20 қаласында қолжетімді. Осы жылы базалық стансаларды орнату жұмыстары жалғасатын болады.
Осы қалалар аумағының 75%-на дейін қамту үшін жаңа 5G базалық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Сондай-ақ автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарлануда", - деді вице-премьер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

