Қазақстандық мектептерде ЖИ, жаңа бағдарламалар мен сапа стандарттары енгізілуде
Сурет: primeminister.kz
Мемлекет басшысының білім саласына қатысты берген тапсырмаларына сәйкес, әкімдіктер маусым айынан бері жаңа оқу жылына дайындықты қарқынды жүргізуде, олар қыркүйекте балабақшаға, мектеп пен колледждерге білім алуға келетін балаларды таза, жарық, жөндеуден өткен, жаңа білім ошақтарында қарсы алуға күш салуда. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметі отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, өткен аптада Оқу-ағарту министрлігі өкілдері өңірлерде болып, әкімдіктердің оқу жылын бастауға дайындығы барысымен танысып қайтқан. Биылғы оқу жылында 11,8 мың мектепке дейінгі ұйымда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленіп, білім алады.
Жыл басынан бері балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылғаны белгілі. Пилоттық кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақшаға кезек 93 мыңға қысқарды. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттерден 7,7 млрд теңге үнемделді. Қыркүйек айынан бастап, биылғы жылдың соңына дейін балабақшалардың барлығы кезең-кезеңімен толықтай осы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді", - деп мәлімдеді спикер.
Министрдің айтуынша, 135 балабақшада 7 мыңнан аса бүлдіршіннің мемлекеттік тілді қолдану дағдысын арттырған "Тілге бойлау" және ата-аналарға 5 жасқа дейінгі балаларды отбасы жағдайында дамытуға көмекші болған "Беске дейін үлгер" жобалары жаңа оқу жылынан бастап, мектепке дейінгі білім беру деңгейіне жаппай енгізілмек.
Мектеп жасына дейінгі балаларды адал еңбекке баулу мақсатында 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба қыркүйек айынан бастап, еліміздегі 100 балабақшаға пилот ретінде енгізіледі.
Қазіргі таңда елімізде 8 мыңан аса мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл 341 мың бүлдіршін 1-ші сыныпқа қабылданады. 11-ші - бітіруші сыныпқа 232 мың оқушы өтті. Жаңа оқу жылының ерекшелігі - орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі", - деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар "Цифрлық сауаттылық" және "Информатика" пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Day of Al онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді.
Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Келешек мектептері" моделін басқару жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта "Келешек мектептерін" басқарудың және аккредиттеудің стандарттары әзірленді, онда үш деңгейлі курстардан өткен 3 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жұмыс бастайды.
Мектеп құрылысы жұмыстарына тоқталсақ, қазіргі таңда 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. 1 қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл 190 мың оқушы оқитын 245 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оның 145-і - ауылдық жерлерде, 100-і - қала мектебі. 1 қыркүйекте 99 мың оқушыға арналған 127 мектепте реновация аяқталады", - деді спикер.
Сондай-ақ аталған жұмыстарды уақтылы әрі сапалы жүргізу әкімдіктердің жауапкершілігінде. Қазіргі уақытта Алматы, Атырау және Абай облыстарында жұмыстар күшейтуді қажет етеді.
2025 жылы 69 мыңнан астам оқушы білім алатын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспар 733 мектепте немесе 73,3%-ға орындалды. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында модернизациялау жоспарының толық орындалмау қаупі бар.
Сонымен қатар биыл 680 мектепке 1,1 мыңға жуық пәндік кабинет сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгінде 853 мектепте пәндік кабинет сатып алынып, жоспардың 77,5%-ы орындалған. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана, Алматы қалаларында пәндік кабинеттерді сатып алу жоспарының толық орындалмау қаупі байқалады. Әкімдіктерден тиісті қаражат бөліп, межеленген жоспарларды жыл соңына дейін толық орындауды сұраймыз", - деді министр.
Қосымша білім беруге тоқталған Ғани Бейсембаев, тамыз айынан бастап қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша білімге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылатынын мәлімдеді.
Пилоттық жоба Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру форматында іске асырылады.
Қазіргі уақытта төрт министрліктің бірлескен бұйрығы қабылданып, пилотқа қосылған өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы тетікті 2026 жылдан бастап, барлық өңірде масштабтау жоспарлануда.
Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасын кеңейту мақсатында:
- ата-аналар қауымдастығының тәрбие процесіндегі жауапкершілігін арттыру үшін ата-аналар комитеттерін трансформациялау қолға алынады;
- бағдарлама жекеменшік мектептерге енгізіледі. Сондай-ақ мектептерді бағдарламаның құндылықтары негізінде әзірленген бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес безендіру кезең-кезеңімен іске асырылады.
Мемлекет басшысы ұсынған "Заң және тәртіп" қағидатын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында оқушылар арасында "Заң және тәртіп" пилоттық жобасы қыркүйек айынан бастап, Алматы облысында іске асырыла бастайды. Биыл қорғаншылық органдары мамандарының нормативі 5 мың балаға 1 маман есебімен заңмен белгіленді. Бүгінде мамандар саны 303-тен 896-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін барлық өңір нормативтің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс", - деп түсіндірді спикер.
Келтірілген ақпаратқа сәйкес, былтыр тестілеу кезеңінде тиімділігін дәлелдеген Kiva және "ДосболLIKE" буллингке қарсы бағдарламалары қыркүйектен бастап барлық мектепке енгізіледі.
Президент тапсырмасымен жыл соңына дейін "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасы қабылданады. Қазіргі уақытта бағдарламаның жобасы әзірленуде. Ол балалардың мүддесін жан-жақты ескеретін: отбасы, білім беру, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақытын ұйымдастыру және спорт сынды стратегиялық 7 бағытты қамтиды.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 11,8 мыңға жуық білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Бүгінде республика бойынша мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандырудың орташа көрсеткіші келесідей:
- 98% ұйымдарда турникеттер;
- 96%-ында дабыл түймесі орнатылған;
- 81%-ы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған.
- 97%-ында лицензияланған күзетпен шарт жасалған. Биыл күзетшілерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.
Аталған көрсеткіштердің орындалуы Ішкі істер министрлігі тарапынан тексеріліп отырады. Осы орайда Жамбыл, Түркістан, Алматы және Атырау облыстарының әкімдері жұмысты күшейту қажет.
Балаларды мектепте қауіпсіз тамақтандырумен қамтамасыз етуге қатысты өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес жаңа оқу жылынан бастап бірқатар оң өзгеріс қабылданды. Мәселен, білім ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, мәзір әзірлеу құзыреті білім басқармаларынан денсаулық сақтау басқармаларына өтті, тағамды дайындау барысын қадағалау міндеті мектептердегі медицина қызметкеріне жүктелді", - деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, биыл колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 150 мың студент қабылдау жоспарлануда. Бұл жұмысшы мамандықты таңдаған мектеп түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100% тегін оқытумен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық салада кадрлар даярлауға бағытталады.
2022 жылдан бері кәсіпорындардың өтінімдері бойынша, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс арқылы оқитын студенттер саны үш есеге артып, 30 мың адамды құрады. Жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 45 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында мектептермен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде де оқу үдерісінде жасанды интеллект технологиясын енгізу басталады.
Колледждерде онлайн білім алу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілген болатын. Бұл бастама IT мамандықтары бойынша кадр даярлауда қолданыла бастайды. Жаңа оқу жылында отандық 5 колледжді интернацияландыру жоспарланып отыр. Жұмысшы мамандықтар жылының ауқымды іс-шарасының бірі ретінде қазан айында Ақтау қаласында түркітілдес елдер арасында алғашқы TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатын өткіземіз. Бұл шара жас кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін, жұмысшы мамандықтары мәртебесін арттырады", - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Өз кезегінде министр техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау аясында жұмыс берушілермен колледждер арасындағы әріптестікті нығайтуға басымдық берілетінін айтты.
Осы мақсатта:
- дуальды оқыту технологиясы кеңейтіліп, кәсіпорындар базасында тәжірибеден өтетін студенттер санын 135 мыңға жеткізу жоспарланды;
- бүгіннің өзінде колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар саны 7 есе артып, 4 мыңға жетті;
- жұмыс берушілермен бірлесіп 10 мың білім беру бағдарламасы әзірленді;
- жаңа оқу жылында колледждердің 1 500 педагогі кәсіпорындар базасында біліктіліктерін арттырады.
Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 110 колледжді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған, бірінші жарты жылдықта оның 74-і орындалды.
Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстайды", - деп түйіндеді сөзін министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

