16.04.2025, 17:24 34956

Қазақстанның бас қаласында II Орталық Азия медиафорумы басталды

Бүгін, 16 сәуірде Қазақстанның бас қаласында II Орталық Азия медиафорумы басталды.

Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және басқа да елдерден журналистер, медиа компания басшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен беделді сарапшылардан тұратын 700-ден астам қатысушы жиналды.

Форумның мақсаты - Орталық Азия медиа өкілдері мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, цифрлық трансформацияның өңірлік ақпараттық кеңістікке әсерін талқылау, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық сын-қатерлерді қарастыру.

Форум Орталық Азия елдерінің ақпарат министрлерінің жұмыс бабы бойынша кездесуінен басталды. Спикерлер қатарында - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан салалық ведомстволарының өкілдері және өңірдің негізгі медиа құрылымдарының жетекшілері бар.

Іс-шараның ашылу рәсімінде Аида Балаева форумды ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң екенін атап өтті.

Бүгінгі форум өзекті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмыстың ортақ тәсілдерін әзірлей алатын бірегей алаңға айналды. Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді.


Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады, деп мәлім етті Астанадағы II Орталық Азия медиафорумында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Осылайша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру үстінде",- деді министр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны