08.04.2010, 18:13 3430

Бас прокуратура республиканың су қоймаларындағы тексерулер барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады

Бас прокуратура республиканың су қоймаларындағы тексерулер барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады

Астана. 8 сәуір. Kazakhstan Today - Бас прокуратура республиканың су қоймаларындағы тексерулер барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Алдын-ала мәліметтер бойынша, тексеру барысында гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімдерде жүргізбеу, су шаруашылығы объектілерін заңсыз орнату, су қоймаларында су деңгейіне бақылау жасайтын бекеттердің, сондай-ақ су өлшеуіш құралдарының болмауы тәрізді көптеген заң бұзушылықтар анықталған",- деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Бас прокуратура республиканың су қоймаларындағы қорғау қондырғыларының жай-күйіне тексеру тағайындап, жүргізуде.

"Қызылағаш су қоймасының бұзылуының негізгі себептері оны пайдаланумен байланысты заң бұзушылықтар болғанын ескере отырып, тексеру барысында меншік иелерімен су тоғандарының қорғау қондырғыларын халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда ұстап отыру міндеттерін орындауға ерекше көңіл аударылды",- деді ол.

Бас прокуратураның мәліметінше, тек Шығыс Қазақстан облысында ғана гидротехникалық нысандардың жартысынан астамы жөндеуді талап етеді.

"Алматы облысында шаруа қожалығының басшысы Баймахамбетов ауылшаруашылығы қызметіне қолдану үшін "Жармұхамбет" бұлағында өз бетінше бетоннан бөгет салған. Осы дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғалды (ҚР ИҚБК 237 б.), бөгетті бұзу жөніндегі шаралар қабылдануда.

"Ақешкі" су қоймасында (Алматы облысы) судың деңгейін бақылау бекеті жоқ, арықтардағы таратушы тораптар су өлшеуіш қондырғыларымен жабдықталмаған. Осыған ұқсас заң бұзушылықтар көптеген жасанды су қоймаларында анықталған. Иесі жоқ су қоймалары ерекше алаңдаушылық туғызып отыр",- деді Н.Сүйіндіков.

"Мысалы, иесі жоқтығынан Жамбыл облысындағы "Дарбаза" су қоймасының техникалық қауіпсіздігіне жауапты тұлға болмай отыр. Ал осы су қоймасының бөгеті 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Қазіргі уақытта су қоймасы уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Еліміздегі су шарауашылығы нысандарында тексеру жұмыстары жалғасуда. Олардың қорытынды нәтижелері бойынша қосымша хабарланатын болады",- деді ресми өкіл.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны