05.07.2007, 10:14 1919

Бас прокуратура санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарына сертификатсыз зертхана жабдықтарын сату деректерін анықтады

АСТАНА. 5-шілде. Kazakhstan Today. Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігіне лабораториялық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 2006 жылы бөлінген қаражаттың жұмсалу заңдылығына тексеру жүргізді. Бұл - бір миллиард төрт жүз жетпіс алты миллионнан астам теңге. Осы тексеру барысында санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарына сертификатсыз зертхана жабдықтарын сату деректері анықталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары үшін лабораториялық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс жариялаған. Өтініш бағасы бір миллиард төрт жүз жетпіс бес миллион теңгені құрайтын қостанайлық "Стофарм" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі байқау жеңімпазы атанған.

Байқаудың қорытындысы бойынша облыстық сараптама орталықтары осы "Стофарм" серіктестігімен құрал-жабдықтар алу жөнінде келісім-шартқа отырды.

Осы орталықтарда тексеріс жүргізу барысында жеткізуші тарапынан келісім-шарттардың орындалу барысында бірқатар заңсыздықтарға жол берілгені анықталды.

Атап айтқанда, барлық облыстық сараптама орталықтарында дерлік Мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің реестірінде тіркелмеген құрал-жабдықтар орнатылған.

Яғни бұл "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Заңның 17-бабының 6-тармағын тікелей бұзу болып табылады.

Бұл ретте тапсырыс беруші мен жеткізіп беруші қабылдау және алу актісіне, іске қосу жұмыстарын жүргізу актісіне және құрал-жабдықтарды пайдалануға енгізу актілеріне қол қойған.

Мысалы, "Стофарм" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақмола облысының сараптама орталығында сертификатсыз құрал-жабдықтарды, сұйық хроматографиялық және микроб өсімінің бактериалық жедел-талдағыш модульдің жүйесін қойған.

Осыған байланысты Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігінің алдына құрал-жабдықтарды жеткізушінің есебінен сертификаттау жөнінде шара қолдану мәселесін қойды.

Сонымен қатар, осы прокурорлық тексеріс "Стофарм" мен сараптама орталықтары отырған келісім-шарттар Тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісім-шарт үлгісіне сәйкес келмейтінін көрсетті.

Атап айтқанда, келісім-шарттарда Тапсырыс берушінің техникалық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін тауарлардан бас тарту құқығын көрсететін тармақтар жоқ. Сонымен қатар, онда тауардың шыққан жері туралы сертификат немесе техникалық бақылау жүргізу туралы куәлік беру секілді тауар жеткізудің шарттары жөнінде міндетті талаптар да көрсетілмеген.

Сонымен бірге құжатта Жеткізушінің өзіне алған міндетті орындамаған жағдайда Тапсырыс берушінің келісім-шартты жою құқығы туралы тармақтар да көрініс таппаған.

Осының барлығы аумақтарға техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкес келмейтін лабораториялық құрал-жабдықтардың заңсыз өтіп кетуіне жол ашады.

Бас прокуратураның ұсынысын орындау барысында Денсаулық сақтау министірлігі Қаржы бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетіне "Стофарм" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сенімсіз жеткізіп берушілер реестіріне қосу туралы хат жолдады.

"Прокурорлық тексеріс қорытындысы бойынша "Стофармға" қатысты Икімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекстің 164-ші және 317-ші баптары бойынша әкімшілік іс өндірісі қозғалды", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны