27.05.2010, 17:58 3394

Бас прокуратура жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіпкерлердің заңсыз қылмыстық қудаланғанын анықтады

Бас прокуратура жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіпкерлердің заңсыз қылмыстық қудаланғанын анықтады

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Бас прокуратура қадағалау тәртібінде мұнай өнімдерін сақтау мен сатуға рұқсат беру тәртібін жеткіліксіз және уақытынан кеш құқықтық реттеу салдарынан жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіпкерлердің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласуына және оларды қылмыстық қудалануға жол берілгенін анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бас прокуратураның мәліметінше, "2007 жылдың 8-тамызында "Лицензиялау туралы" заңның күшіне енуіне байланысты, мұнай өнімдерін сақтау объектілерін пайдалану қызметі, сонымен қатар өртенгіш және жанғыш сұйықтықтарды, сұйылтылған және жанғыш газдарды қабылдау, төгу, құю, сақтау, жіберу лицензияланатын қызметтерге айналды. Алайда, лицензияны беру механизмін бекітетін заңға бағынышты актілер 2008 жылдың 9 қыркүйегінде ғана күшіне енді.

Осылайша, 2007 жылдың тамызы мен 2008 жылдың қыркүйегі аралығында кәсіпкерлер оларға тәуелсіз себептерге байланысты аталған қызмет түрі бойынша лицензия ала алмаған".

Сонымен қатар, "Лицензиялау туралы" жаңа заң бұрын заңды түрде жанар-жағармай материалдарын сатумен және жанармай құю бекеттерін пайдаланумен айналысқан тұлғаларды лицензияны алғанға дейін өз қызметін тоқтата тұруды міндеттемеген.

"Осыған қарамастан, құқық қорғау органдары жанармай құю бекеттерінде жанармайды сатумен айналысқан кәсіпкерлерге қатысты 2007 жылдың тамызынан лицензиясыз қызмет жасағаны үшін (ҚР ҚК-нің 190 бабы) бірқатар қылмыстық істер қозғады",- деді ресми өкіл.

"Бұрыннан заңды негізінде жанармай құю бекеттеріне иелік ететін және барлық құқықтық механизмдер орнатылғаннан кейін мұнай өнімдерін сақтау мен сату саласында қызмет етуге лицензияны алған тұлғалардың әрекетінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу пиғылы, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-шы бабында көрсетілген қылмыстың құрамы жоқ деп есептейміз.

Осыған орай, аймақтық прокурорларға 2009-2010 жылдары ЖҚБ пайдалануымен байланысты лицензиясыз қызмет жасау деректері бойынша қозғалған барлық қылмыстық істерді тексеріп, кәсіпкерлерді құқық қорғау органдарының заңсыз араласуынан қорғау шараларын қабылдау тапсырылды",- деді Н.Сүйіндіков.

Оның айтуынша, бұдан басқа заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар дайындау үшін Бас прокурордың өкімімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау және сот органдарының және "Атамекен" одағының өкілдері кірді. Осы топ жұмысының нәтижелері туралы сіздерге қосымша хабарланатын болады, деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны