13.04.2007, 10:53 2604

Бас прокурор мемлекет басшысына тұрғын үй және жер заңнамасы саласында жол берілген тәртіп бұзушылыққа қатысты тексерулердің нәтижелері туралы баяндап берді

АСТАНА. 13-сәуір. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Рашид Түсіпбековті қабылдады, деп хабарладйы Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокурор осы жылдың 21 ақпанында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған тұрғын үй және жер заңнамасы саласында жергілікті билік органдары жол берген тәртіп бұзушылыққа қатысты тексерулердің нәтижелері туралы баяндап берді.

Бас прокурордың ақпаратында атап өтілгеніндей, тексеру көптеген тәртіп бұзушылықтарды анықтаған. Прокуратура органдары заңдылықты бұзуды түзету туралы 171 ұсыныс, лауазымды тұлғалардың заңсыз актілері мен әрекеттеріне 126 қарсылық енгізіп, 17 қылмыстық іс қозғалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазірдің өзінде заңсыз берілген 40 пәтер, солардың ішінде 28 коммуналдық пәтер қайтарылды.

Батыс Қазақстан облысында соттардың шешімдерімен 65 коммуналдық пәтерді бөлу заңсыз деп танылды. Бұл шешімдер заңдық күшіне енгеннен кейін аталған пәтерлер де мемлекетке қайтарылатын болады.

Алматы қаласының прокуратурасы, арзан тұрғын үй беруге негіз болған жұмыс орны туралы жалған анықтамалар анықталуына байланысты, соттарға арзан тұрғын үйлерді сату жөніндегі комиссияның шешімдерін және пәтерлерді сатып алу-сату келісім-шарттарын негізсіз деп тану туралы 57 талап түсірді. Бүгінгі күнге дейін үш талап-арыз қанағаттандырылды, қалғандары қаралу кезеңінде.

2006 жылдан бастап қазіргі кезге дейін тұрғын үй саласында барлығы 152 қылмыстық іс қозғалды, олардың 90-ы соттарға жолданып, 55-ін қылмыстық қудалау органдары тергеуде.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың арасында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары С.Тәшенов, Алматы қаласы тұрғын үй департаментінің бастығы Н.Асқаров және мемлекеттік мекемелердің басқа да бірқатар жетекшілері бар.

Мемлекеттік органдардың 12 лауазымды тұлғасы қызметтерінен босатылды, 53 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде барлық деңгейдегі 14 әкім және әкімдердің орынбасарлары бар.

Облыстардың прокурорларына қоғамдық бақылаудың, бұл салада заңдылықтың бұзылуын түзетуге парламенттік көпшілік болып отырған партия - "Нұр Отан" ХДП өкілдері қатысуының маңыздылығы туралы нұсқау берілді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны