30.06.2014, 22:59 7318

Биылғы жылы Шекара қызметінің офицерлік құрамы 250 түлекпен толығатын болады

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясында жас түлек офицерлерді шығарып салу рәсімі болып өтті,- деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Алматы. 30 маусым. Kazakhstan today. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясында жас түлек офицерлерді шығарып салу рәсімі болып өтті,- деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Жас офицерлерді ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов академиядағы оқуларының аяқталуымен құттықтады. Мемлекеттік шекараны күзететін офицерлерді дайындайтын осы оқу ордасының түлектерінің арасынан болашақта командирлер мен генералдардың шығатындығына сенім білдірді.

- Сендер Отанға адал қызмет етудің, офицерлік ар-намыстың үлгісін көрсетулерің керек, - деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов, - сәт сапар сендерге, офицер мырзалар!

Биылғы жылы Шекара қызметінің офицерлік құрамы 250 түлекпен толығатын болады, олардың арасында 14 лейтенант академияны үздік бағамен аяқтады, ал Астана күні қарсаңында мемлекеттік шекара сақшыларының 5-уі "лейтенант" әскери шенін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаевтың өз қолынан алу құрметіне ие болып отыр. Жас лейтенанттардың 28-і таяу шығыс елдерінен келуі - Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосып келе жатқан нақты ісінің дәлелі болып табылады. Сондай-ақ, 17 тыңдаушының бір жылдық курсты бітіргендігін де осындайда атап өткен орынды.

Мерекелік іс-шара әдеттегіше жас лейтенанттардың офицерлік вальс билеуімен ашылды. Саптық жаттығулар өтетін алаңда түлектерден құралған 60 жұп дөңгеленіп биге шықты. Одан кейін 3-оқу дивизионының курсанттары қару-жарақты қалай меңгергендіктерін іс жүзінде көрсетті. Ирине, бүгінгі күннің басты талабы - оқу барысында практикаға мейлінше зор көңіл бөлу болып табылады. Соның нәтижесінде Шекара академиясының бүгінгі түлектері қару-жарақтың барлық түрін меңгеріп отыр, шекара ведомствосының сапында тұрған әскери және автомобильдік техниканың барлығын жүргізе алады, қызметтік иттермен жұмыс істеу тәсілдерін үйренген.

Қонақтар алдында түлектер шекара бұзушы адамды қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана отырып қалай ұстайтындықтарын көрсетіп берді. Мерекелік іс-шара оқу ордасының әскери оркестрінің өнерімен аяқталды.

Міне, жас офицерлерді шығарып салатын әсерлі сәттің кезегі келді. Жауынгерлік ту, саптық алаң, жеке құрам, қонақтар мен ата-аналар. Искери оқу ордасының түлектеріне "лейтенант" шенін беру туралы бұйрық оқылды. Салтанатты жағдайда дипломдар мен кеуде белгілері тапсырылды.

Барабан дабылы соғылып, лейтенанттар жауынгерлік тумен қоштаса бастағанда көпшіліктің көзіне жас үйірілді. Мемориалға гүл қою, жеке құрамның салтанатты жағдайда трибуна алдынан ән салып жүріп өтуі өте әсерлі көрініс болды.

Шекарашы-офицерлерді дайындайтын ҚР ҰҚК Шекара академиясы Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар ТМД елдері үшін де белді де беделді оқу ордасы болып табылады.

Бейбіт заманда, тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында да мемлекеттік шекараны батылықпен күзете білген түлектерін оқу ордасы қашанда мақтаныш етеді. Жас офицерлердің үлгі-өнеге алатын адамдары да жеткілікті. Кеңес Одағының бірқатар батырлары - осы оқу ордасының кешегі түлектері болып табылады, 300-ден астам түлекке "генерал" жоғары әскери атағы берілді. Көптеген түлектер отты нүктелерде қызмет етіп, өздерінің теориялық білімдерін практикамен ұштастыра білді.

Академия түлектері Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің бірлестіктері мен құрамаларына, бөлімдеріне басшылық жасап, алдыңғы буын ағалардың дәстүрін ойдағыдай жалғастырып келеді.

Түлектер өз кезегінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтындықтарын айтып, Шекара қызметінің басшылығы мен салтанатты іс-шараның қонақтарын сендірді, өйткені оқу барысында олар қажетті дайындық пен әскери білімді меңгере білді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны