27.03.2012, 13:30 3596

Бүгін Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммит аясында ҚР, РФ және АҚШ президенттерінің үшжақты кездесулері болып өтті

Кездесудің қорытындысы бойынша үш мемлекеттің басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастық жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Астана. 27-наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммит аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің және АҚШ Президенті Барак Обаманың үшжақты кездесулері болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудің қорытындысы бойынша үш мемлекеттің басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастық жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мәлімдемеде Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары Президенттері ядролық қаруды тарату қауіп-қатеріне және ядролық лаңкестікке қарсы күрес жолын ұстанатыны атап өтілген.

Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ полигоны әлемдегі ірі полигондардың бірі болғанын атап өтті.

"Менің Жарлығыммен бұдан 20 жыл бұрын біз Семей сынақ полигонын жаптық. Бірнеше жылдан бері Қазақстан, Ресей және АҚШ сынақтардың салдарларын жою жөнінде бірлескен жұмыстарды жүргізіп келеді. Біз бұл көмектері үшін серіктестерімізге ризашылығымызды білдіреміз", - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевқа ядролық қарусыздану ісіндегі белсенді позициясы мен көмегі үшін алғысын айтты. АҚШ Президенті Барак Обама таратпау саласындағы табыстарға Нұрсұлтан Назарбаевтың және барша Қазақстан халқының орасан үлесі арқасында қол жеткізілгенін атап көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны