10.02.2014, 19:09 7993

Бүкіләлемдік қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күніне орай ақпараттық-танымдық мақсаттағы көрмеден түскен қаражат балалар хосписіне аударылды

Жыл сайынғы 4 ақпан - Бүкіләлемдік қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күні. Осыған орай 2014 жылдың 8 ақпанында Алматы қалалық онкологиялық орталық пен "Қатерлі ісікке қарсы бірге" қоғамдық қоры ашық есік күнін өткізіп, журналистер қауымы үшін кәсіби тексеру ұйымдастырды.

Алматы. 10 ақпан. Kazakhstan today. Бүкіләлемдік қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күніне орай журналистер қауымы кәсіби тексерістен өткізілді, деп хабарлайды Kazakhstan today.

Жыл сайынғы 4 ақпан - Бүкіләлемдік қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күні.

Осыған орай 2014 жылдың 8 ақпанында Алматы қалалық онкологиялық орталық пен "Қатерлі ісікке қарсы бірге" қоғамдық қоры ашық есік күнін өткізіп, журналистер қауымы үшін кәсіби тексеру ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты - БАҚ өкілдерінің көмегімен, адамдардың назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, оларды алдын ала тексерілуге деген құлшынысын ояту.

Алматы қалалық онкологиялық орталықтың директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, ракты болдырмау үшін алдын-ала жыл сайын онколог дәрігерлерге қаралып, өз денсаулығына деген жауапкершілікті арттырудың маңызы аса зор.

"Халық арасында рак бойынша кеңінен таралған 4 түрлі "миф" бар. Олар: "рак туралы айтуға болмайды", "рактың белгілері немесе симптомдары байқұалмайды", "рактың алдын алу мүмкін емес" және "ракқа шалдыққан жағдайда көмек алуға құқығым жоқ". Диляра Қайдарованың айтуынша, осы мифтерді жеңіп, дәрігерге уақытылы қаралған жағдайда жаман дерттің кейбір түрлерін бастапқы сатыларында жеңу мүмкіндігін әлемдік медицина әлдеқашан тапқан.

Ең бастысы, әр азамат өзінің ракқа шалдыққан жағдайда әділеттілік принципіне сәйкес науқасқа қаржылық ауытпалық салмай-ақ көрсетілетін тексерілген, сапалы, қол жетімді әрі тиімді көмек алуға толығымен құқылы екенін білгені абзал. Демек, ол осындай әділетті көмек көрсетілуін мемлекеттен талап ете алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше, денсаулық сақтау жүйесінің қызметтеріне жаппай қол жеткізе алу - мемлекеттің өз азаматтарының әл-ауқаты үшін жасайтын қамқорлығының басты критерийі болуға тиіс.

Рактың алдын алу үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру, ішімдік пен темекіден бас тарту, артық салмақтан арылу, иммунитетін көтеру, ультракүлгін сәуледен қорғану, рактың туындауына апарып соғатын жұқпалы аурулардан сақтау, жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау шараларының маңызы зор. Мәселен, бір ғана мысал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, жыл сайын рактан болатын 177 000 өлім жұмыс орнындағы канцерогендік заттардың әсеріне, бұл ретте әрбір үшінші өлім асбестке (ізбес) байланысты.

Бағалауға сәйкес, дүниежүзінде орта есеппен онкологиялық аурулардың 16 пайызының, ал дамушы елдерде 23 пайызының туындауына басты себеп - созылмалы жұқпалы аурулар болмақ.

Дамыған елдерде ең кеңінен таралған бірнеше рак түрлері, мәселен, бауырдың, жатыр мойнының және асқазанның қатерлі ісігі В гепатитінің вирусы (НBV), паппилома адам вирусы (HPV) және хеликобактер пилори (H.Pylori) секілді жұқпалы агенттерге тікелей байланысты. Сол себепті осындай жұқпалы аурулар тудыратын рак тәуекелін азайтуға ұмтылған абзал.

Бүкiләлемдiк қатерлі ісікпен күрес күні қарсаңында елімізде онкоаурудың алдын алу бойынша скрининг жиі жүргізілуде. Биыл елімізде 6 түрлі скрининг жүргізілуде. Қазақстанда 2014 жылы бауыр, асқазан мен өңеш, қуық қатерлі ісігін анықтау үшін қосымша 3 скрининг енгізді.

Бүгінде рак дертіне ұшырағандар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Қостанай облыстарында көп. Қатерлі ісіктен көз жұмғандар әсіресе, Қарағанды мен Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі кездеседі. Мамандар қауымы мұның себебін аталған аймақтардағы экологиялық ахуалдың нашарлығынан көреді. Соған қарамастан, рактан қаза тапқандар саны жыл сайын төмендеп келе жатқан көрінеді. Егер ауруға шалдыққандар дер кезінде ем қабылдаса, дертпен күрес және оны жеңу дәрігерлер мен дертті жанға әлдеқайда оңайға түспек.

Ресми деректерге сүйенсек, Алматы қаласы қатерлі ісікті алғашқы кезеңде анықтауда Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Алматы қалалық онкологиялық орталықтың директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда, Қазақстан қазір науқас жандарға әлемдік деңгейде көмек көрсете алатын деңгейде.

Сол себепті қолға алынған іс-шараның мақсаты - ел тұрғындарына рак туралы кеңінен мағлұмат беру, оны уақытылы анықтап, емдеу және алдын алу. Осындай ақпараттық-танымдық мақсаттағы бір шара 8 ақпанда "Есентай Молл" сауда орталығында суретші Серік Бөксековтің галереясында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні шеңберінде ұйымдастырылды. Шара барысында сауда орталығына келушілерге рак туралы мәліметтер ұсынып, дерттің алдын алу шараларына қатысты ақпараттар берілді.

"Қатерлі ісікке қарсы бірге" қорының ерікті мүшелері ракқа қарсы күрес туралы арнайы буклет-парақшалар таратты. Ал Серік Бөксековтің суреттері қойылған көрмеден түскен қаражат Алматыдағы Балалар хосписіне аударылды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны