11.05.2014, 19:09 1391

Е. Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасарымен кездесті

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысының Бірінші орынбасары Уильям Бернспен кездесу өткізді.

Алматы. 11 мамыр. Kazakhstan today. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысының Бірінші орынбасары Уильям Бернспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ҚР мен АҚШ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы, сондай-ақ ағымдағы жылғы наурызда Гаага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік саммиті шеңберіндегі ҚР Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар жаһандық қауіпсіздік, әсіресе жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы екі елдің ынтымақтастығын зор қанағаттанғандықпен атап өтті, деп сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

Американдық дипломат Қазақстанның аталған саладағы қосқан үлесі мен бастамалары үшін ризашылық білдірді. Осыған орай, 6 мамырда Нью-Йоркте "ядролық бестік" елдерінің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың (ОАҚАА) қатысушы елдеріне кепілдіктер берілетін хаттамаға қол қою ерекше атап өтілді. ОАҚАА-ның төрағасы ретінде Қазақстан екі жыл бойы бұл мәселені ілгерілету бойынша жұмыс істеп, Орталық Азия өңірі елдерінің қауіпсіздігін елеулі нығайтып, таратпаудың жаһандық жүйесіне зор үлес қосты.

Сұхбаттасушылар сондай-ақ қазақстандық-американдық екіжақты тетіктерінің, соның ішінде Стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия, Энергетика саласындағы бірлескен комиссия және Ғылыми-техникалық ынтымақтастық комиссиясының жемісті қызметін атап өтті.

Сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастық елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды құрамасы болып қала береді. ҚР СІМ басшысы жоғары технологиялар саласындағы АҚШ компанияларының Қазақстанда бірлескен жобаларды жасауға деген қызығушылығының артуын атап өтті. Бұл - шетел инвесторларының Қазақстанға артқан сенімінің және ҚР инвестициялық климатының жайлылығының белгісі болып табылады.

Тараптар ҚР мен АҚШ Үкіметтері арасындағы халықаралық салықтық бақылауды жетілдіру және Америка Құрама Штаттарының шетелдік шоттарды салықтық бақылау туралы Заңын енгізу жөніндегі келісім жобасын келісу барысын қанағаттанғандықпен атап өтті. Бұл құжат екі елдің қаржылық және салық органдары арасындағы өзара ықпалдастық пен ақпарат алмасу үшін зор мүмкіндіктер туғызады.

Сұхбаттасушылар арасында халықаралық саясат және өңірлік қауіпсіздік өзекті мәселелері, соның ішінде Украинадағы жағдай бойынша пікір алмасу өтті.

У. Бернс еліміздің Ауғанстанды қалпына келтіру мен ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстанға ерекше ризашылық білдірді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны