28.05.2014, 22:18 2976

ЕАЭО құру бойынша ШҚО, Барнаул мен Могилев арасында телекөпір өтеді

Бүгін 2014 жылдың 28 мамыры Қазақстанның Өскемен, Ресейдің Барнаул және Белоруссияның Могилев бауырлас қалалар арасында "Еуразиялық экономикалық одақ: кәсіпкерлік үшін артықшылық пен болашақ" атты телекөпір өтеді.

Алматы. 28 мамыр. Kazakhstan today. Бүгін 2014 жылдың 28 мамыры Қазақстанның Өскемен, Ресейдің Барнаул және Белоруссияның Могилев бауырлас қалалар арасында "Еуразиялық экономикалық одақ: кәсіпкерлік үшін артықшылық пен болашақ" атты телекөпір өтеді.

Іс-шара Ресей, Белоруссия және Қазақстан Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ құру шартына қол қою рәсімі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Телекөпірге аты аталған аймақтардың басшылары, ауыл шаруашылығы, индустрия және өндіріс саласындағы кәсіпкерлер, сондай-ақ студенттік құрылыс жасақтары өкілдері қатысады. Шара барысында Шығыс Қазақстанның ірі зауыттары, агрошаруашылық өкілдері мен "Өскемен ЭКСПО-2014" көрмесіне қатысушылардың өнімдері көрмесі болады.

Қазақстан, Ресей мен Белорусь мемлекеттері арасында тек жылы достық қатынас қана емес, мығым серіктестік байланыс та бекіген. Бүгінгі таңда, шет мемлекеттермен ынтымақтастық және екіжақты тиімді сыртқы экономикалық байланысты кеңейту ШҚО дамуының маңызды бір бағытына айналған. Нәтижесінде Шығыс Қазақстанда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасымен бірлескен 250-ден астам кәсіпорын сәттімен жұмыс істеп тұр.

Телекөпір барысында Кәсіпкерлер палаты, "Казмырыш" ЖШС, "СемАЗ" ЖШС, Семей қаласының ет комбинаты өкілдері ЕурАзЭО артықшылықтары, Кедендік Одақ аясындағы атқарылған жұмыстары жайлы әңгімелейді. Бүгінде сауда қатынасы бойынша облыстан Ресейге көлік құрастыру, минералдық өнімдер мен бағалы емес металдар шығарылады. Беларусь еліне химиялық және осы саламен байланысты өнеркәсіпке, көлік құрастыру саласына қажетті өнімдер тасымалданады.

Сондай серіктестік қатынастың бір нәтижесі: "СемАЗ" ЖШС мен "Минск трактор зауыты" Республикалық біртұтас кәсіпорыны арасында бекітілген лицензиялық келісім шарт негізінде түрлі модификациядағы "Беларус" тракторларын құрастыру өндірісі қолға алынған. 5 жыл ішінде зауытта 4900 трактор шығарылды.

2013 жылы кәсіпорында жүк көліктері мен "Урал" шассиіне орнатылған арнайы техника да шығарыла бастады. Былтырғы жылы 56 автокөлік құрастырылды.

Аймақтар арасында гуманитарлық салада да байланыс дамыған. Өскемен, Семей, Жаңа Сібір, Томск, Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Дубна қалаларының ЖОО көптеген бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді. Курчатов қ. ҚР Ұлттық ядролық орталығында 15 ортақ ғылыми жоба бар.

Жастар саясатында да алға жылжушылық байқалады. 2010 жылдан бері ШҚО әкімдігімен Беларусь және Ресейдің студенттік құрылыс жасақтарын өзара алмасуда. Алтай аймағы және Беларусь Республикасының Могилев облысымен ықпалдастық аясында 2012-2013 жылдары Шығыс Қазақстанда жалпы құрамы 40 адамнан тұратын құрылыс жасақтары болып қайтты.

Ынтымақтас елдермен туризм, спорт салаларында да серіктестік орнаған.

Телекөпір соңында тараптар кәсіпкерлік саласында өзара тиімді ұсыныстармен алмасады деп күтілуде.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны