25.01.2007, 14:11 3174

Екібастұз қаласының әкімі қызметтен босатылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды

ПАВЛОДАР. 25-қаңтар. Kazakhstan Today. Екібастұз қаласының әкімі Валерий Набитовский қызметтен босатылып, оның үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің "қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану жөніндегі" 307-бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Kazakhstan Today тілшісіне құқық қорғау органындағы ақпарат көзі.

Ақпарат көзінің мәліметтеріне сүйенсек, В. Набитовскйй әкім міндетін атқарудан 15-қаңтар күні босатылған.

Павлодар облысының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаменті қылмыстық істің қозғалғанын растап отыр. "Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ақпарат көзі бұл Екібастұз қаласының әкіміне қатысты қозғалған екінші қылмыстық іс екендігін хабарлады. "Өткен жылдың 28-қарашасында қаржы полициясының қызметкерлері Набитовскийге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177-бабының 2-тармағы (алаяқтық) бойынша жер телімін бөліп беруге байланысты қылмыстық іс қозғаған болатын",- деді сұхбаттасушы. Ол сонымен қатар, қазіргі уақытта В. Набитовскийдің ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, бостандықта жүргендігін хабарлады.

52 жастағы В. Набитовский 2006 жылдың 20-қазанында сынақ түріндегі сайлауда Екібастұздың әкімі болып сайланған болатын.

Ол бұрын Павлодар облысының Ильичевск ауданының әкімі лауазымын атқарған. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік аппаратының басшысы, Көкшетау қаласының әкімі, премьер-министрдің орынбасарының көмекшісі, премьер-министр орынбасарының бірінші кеңесшісі, Павлодар облысының әкімшілік аппаратының басшысы қызметін атқарған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны