07.04.2016, 17:56 4958

Елбасы АҚШ-тыӊ энергетика министрі Эрнест Монизді қабылдады

Кездесу барысында энергетикалық қауіпсіздік, мұнай-газ индустриясы, электр энергетикасы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды

Астана. 7 сәуір. Kazakhstan Today - Кездесу барысында энергетикалық қауіпсіздік, мұнай-газ индустриясы, электр энергетикасы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Сондай-ақ тараптар энергетика саласын дамытудағы басты трендтерді, мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторларды, дәстүрлі энергия көздерініӊ орнын басатын жаӊа энергия түрлерін пайдалану перспективаларын талқылады, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Э.Мониз еліміздіӊ энергетика секторына Америка компанияларыныӊ қатысу аспектілерін, Қазақстанда "жасыл энергияны" пайдалану аясын кеӊейту жөніндегі жоспарларды, ядролық энергетикадағы жаӊа технологиялар мен жаӊғыртылатын энергия көздерінен энергия өндіруге жұмсалатын шығыстар жайын да сөз етті.

Ядролық қауіпсіздік тақырыбына арнайы назар аударылды, бұл мәселе бойынша екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Қазақстан мен АҚШ ядролық материалдар қауіпсіздігін арттыру, жоғары байытылған уранды қолдану аясын тарылту бағытында бірлесе жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Иранныӊ ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қатысты мәселелерді шешу ісіне қосқан Қазақстанныӊ елеулі үлесі атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында барлық бағытта серіктестік қарым-қатынас орнағанын, соныӊ ішінде энергетика саласындағы жұмыс бірқатар екіжақты құжаттар аясында жүріп жатқанын айтты.

Э.Мониз біздіӊ елде өткен келіссөздердіӊ жемісті болғанына назар аударды және кездесуде айқындалған барлық мәселелер бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтыӊ бұдан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны