06.02.2015, 12:22 4041

Елбасы Астана әкімі Иділбек Жақсыбековті қабылдады

Кездесу барысында И.Жақсыбеков Мемлекет басшысына қаланыӊ әлеуметтік-экономикалық дамуы, негізгі мемлекеттік бағдарламалардыӊ жүзеге асырылу жайы, сондай-ақ Астананыӊ алдағы қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шараларға әзірлік барысы туралы баяндады

Астана. 6 ақпан. Kazakhstan Today - Кездесу барысында И.Жақсыбеков Мемлекет басшысына қаланыӊ әлеуметтік-экономикалық дамуы, негізгі мемлекеттік бағдарламалардыӊ жүзеге асырылу жайы, сондай-ақ Астананыӊ алдағы қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шараларға әзірлік барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президенті елордада ауқымды жұмыс атқару қажет болатынын атап айтты, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясыныӊ 20 жылдығы атап өтіледі. Осыған байланысты Наурыз бен Қазақстан халқыныӊ бірлігі күнін халқымыздыӊ тұтастығы мен көпэтносты қоғамдағы келісім тақырыбымен орайластырып мерекелеген жөн. Бұл жұмыстарды қазірден бастау керек. Тағы бір маӊызды тұс - "ЭКСПО-2017" халықаралық көрме нысандарыныӊ құрылысы, бұған да ерте қамдану қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Астанаға айрықша маӊыз берілген "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арнайы назар аударды. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында елорданыӊ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаӊғырту, инфрақұрылымын дамыту жұмыстары атқарылатын болады.

Қазақстан Президенті қаланыӊ инвестициялық тартымдылығын ұдайы арттыру, шағын және орта бизнес субьектілерін ілкімді қолдау қажеттілігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саланы жақсартуға, адами капиталды дамытуға байланысты міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жылу беру маусымын кідіріссіз өткізудіӊ, елорда тіршілігін сапалы қамтамасыз етуге барлық қалалық қызметтердіӊ үйлесімді қатыстырылуыныӊ маӊыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны