08.12.2015, 18:53 4485

Елбасы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасыныӊ басшыларын қабылдады

Кездесуде Президиум төрағасы Т.Құлыбаев пен Басқарма бастығы А.Мырзахметов Мемлекет басшысына Ұлттық палатаныӊ 2015 жылғы қызметініӊ қорытындылары мен алдағы кезеӊге арналған жоспарлары туралы баяндады

Астана. 8 желтоқсан. Kazakhstan Today - Кездесуде Президиум төрағасы Т.Құлыбаев пен Басқарма бастығы А.Мырзахметов Мемлекет басшысына Ұлттық палатаныӊ 2015 жылғы қызметініӊ қорытындылары мен алдағы кезеӊге арналған жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президенті Ұлттық палата құрылған 2013 жылдан бері ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

"Атамекен" кәсіпкерлік өкілдерініӊ пікірін танытады. Палата мемлекеттіӊ шағын және орта бизнесті қолдау үшін қабылдаған көптеген шараларын жүзеге асыруға қатысты. Бес институционалдық реформа аясында 80-дей заӊ қабылданды. Оларды әзірлеу ісіне де палата өз үлесін қосты. Енді сол шараларды жүзеге асыратын уақыт келді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру үдерісі барысында отандық бизнестіӊ мүддесін барынша қамтамасыз етіп, мүлікті жария етуге қатысты түсіндіру жұмыстарын белсендірек жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда өндірілген тауарларды ілгерілетудіӊ, әсіресе сыртқы нарықтарға шығарудыӊ маӊыздылығын айтты және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасыныӊ инвестиция тарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясындағы, еӊбекпен қамту және ауыл тұрғындарын оқыту саласындағы жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті.

Палата басшылығы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары 188 аудан орталығында, моноқалалар мен шағын қалаларда жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бүгінде солардыӊ негізінде 212 мыӊ кәсіпкерге көмек көрсетілген.

Ұлттық палатаныӊ нормалар әзірлеу саласындағы шығармашылық жұмыс пен кәсіпкерлікті қорғау арқылы бизнес жүргізетін ортаны жетілдіру ісіне белсене қатысатыны атап өтілді. Мәселен, биыл 6,9 мыӊнан астам нормативтік құқықтық актіге, соныӊ ішінде 200-ден аса заӊ жобасына сараптама жасалды. Кәсіпкерлерден келіп түскен 9,6 мыӊ шағымныӊ 41 пайызына қатысты оӊ нәтижеге қол жеткізілді.

Сонымен қатар сатып алу және жергілікті қамту жүйесін жетілдіру аясында 2014 жылдыӊ 1 тамызынан бері "Атамекенніӊ" атсалысуы арқылы отандық өндірушілермен арада ұзақ мерзімге арналған 334 миллиард теӊгеніӊ 750 шартына қол қойылды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны