25.05.2016, 20:09 4074

Елбасы Халықаралық консультативтік кеӊес мүшелерімен кездесті

Кездесуге кеӊес төрағасы, Австрияныӊ бұрынғы Федералдық канцлері А.Гузенбауэр, Польшаныӊ бұрынғы президенті А.Квасьневский, Еуропалық комиссияныӊ бұрынғы төрағасы, Италияныӊ бұрынғы Премьер-Министрі Р.Проди, Израильдіӊ бұрынғы Премьер-Министрі Э.Барак қатысты

Астана. 25 мамыр. Kazakhstan Today - Кездесуге кеӊес төрағасы, Австрияныӊ бұрынғы Федералдық канцлері А.Гузенбауэр, Польшаныӊ бұрынғы президенті А.Квасьневский, Еуропалық комиссияныӊ бұрынғы төрағасы, Италияныӊ бұрынғы Премьер-Министрі Р.Проди, Израильдіӊ бұрынғы Премьер-Министрі Э.Барак қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан экономикасыныӊ негізгі даму бағытын, мемлекеттік бағдарламалардыӊ жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ Еуроодақ елдерімен ынтымақтастықты нығайту үшін қабылданып жатқан шараларды, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктіӊ артықшылықтарын пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы құбылмалылыққа, оныӊ біздіӊ елге де әсер етіп отырғанына назар аударды.

- Жаһандық экономика өсімі болжанған көрсеткіштерден төмен болып шықты. Бұған қоса, әлем қандай бағытта жылжып бара жатқаны, оны қысқа және ұзақ мерзімді кезеӊде не күтіп тұрғаны туралы көӊілге қонымды сарапшылық пікір жоқ. Қазір Еуропада, Ресей мен Қытайда күрделі үдерістер жүріп жатыр. Осыныӊ бәрі болашақ жаһандық даму тұрғысынан зор қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, біздіӊ ел аталған қиындықтарға қарамастан бұдан әрі ілгерілеуді қамтамасыз ете отырып, өз реформаларын жүзеге асыруын жалғастыруда, - деді Мемлекет басшысы.

Кеӊес мүшелері кездесу үшін алғыс айтып, жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті саяси және экономикалық мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды.

Атап айтқанда, Австрияныӊ бұрынғы Федералдық канцлері А.Гузенбауэр Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформалар жаӊа жаһандық сын-қатерлерге уақытылы берілген жауап екенін және олар біздіӊ республикамызға мейлінше дамыған елдер клубынан орын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Израильдіӊ бұрынғы Премьер-Министрі Э.Барак отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол Қазақстанныӊ әлемдік азық-түлік нарығында бәсекеге қабілетті орынды иеленуі үшін қажетті барлық ресурсқа ие екенін мәлімдеді.

Польшаныӊ бұрынғы президенті А.Квасьневский әлеуметтік мәселелерді шешуге, адам капиталын жетілдіруге, шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға бағытталған реформалардыӊ арқасында елдіӊ жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

Еуропалық комиссияныӊ бұрынғы төрағасы әрі Италияныӊ бұрынғы Премьер-Министрі Р.Проди Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақтыӊ арасындағы қарым-қатынастыӊ даму әлеуеті зор екеніне, ол барлық тарапқа, соныӊ ішінде Қазақстанға пайда әкеле алатынына назар аударды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны